Оралда қызды ұрып, басына шыны лақтырған ер адам ұсталды
Оралда ер адамның жерде жатқан қызға шабуыл жасап, басына шыны зат лақтырған видеосы таралды. Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын растады.
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада қыздың еденде жатқаны көрінеді. Ол өзін шабуылдаушыдан аяғымен қорғауға тырысады. Жәбірленуші ер адамды итеріп жібергенімен, ол қайтадан жақындай түскен.
Осыдан кейін ер адам қызға қарай шыны затты лақтырады. Кадрдан шынының жәбірленушінің басына тиіп, шашырап сынғанын байқауға болады. Желідегі жазбада бұл адамдардың кім екені және жанжалдың себебі айтылмаған.
Тәртіп сақшылары бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 109-бабына (ұрып-соғу) сәйкес қылмыстық іс қозғады.
«Бейнежазбада көрсетілген ер адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жалғасуда. Тергеу барысы Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп мәлімдеді облыстық полициядан.
Соңғы жаңалықтар