Орыс тілінде оқытатын мектептер жабылады

Орыс тілінде оқытатын мектептер жабылады
04.07.2025 12:16
0
218
Фото: freepik.com

Баку мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас шиеленісе түскен тұста Әзірбайжан билігі елдегі орыс тілді мектептерді біртіндеп жабу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ Orda.kz сайтына сілтеп. 

Жергілікті Oxu.az порталының мәліметінше, ата-аналарға арналған WhatsApp топтарында тиісті хабарламалар таратыла бастаған. Орыс тілді білім беру жүйесін жабу бірнеше жылға созылады, оқыту толығымен әзірбайжан тіліне көшірілмек.

«Алдағы үш жылда орыс тілінде оқытатын мектептер біртіндеп әзірбайжан тіліне ауысады, мұғалімдер үшін қайта даярлау курстары ұйымдастырылады» деп жазады Oxu.az.

Mektebgushesi порталының дерегінше, бүгінде Әзірбайжанда 340 мектепте орыс тілінде оқу мүмкіндігі бар. Оның 16-сында сабақ тек орыс тілінде жүргізіледі, қалғандарында оқыту екі тілде қатар жүреді. Жалпы есеп бойынша, бұл мектептерде 150–160 мыңға жуық оқушы білім алады.

Олардың басым бөлігі Бакуде орналасқан. Елдің кейбір аймақтарында мұндай мектептер мүлде жоқ.

Осынған орай, Әзірбайжанның ғылым және білім министрлігі әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпараттарға қатысты түсініктеме берді.

«Мемлекеттік білім саясатына қатысты шешімдерді жариялауда тек ресми дереккөздерге сүйенуді сұраймыз»,  деп хабарлады ведомство.

Әзірбайжан парламентіндегі ғылым және білім комитетінің депутаты Мехрибан Велиева елдегі мектептерде орыс тілді секторды жабу туралы мәселе талқыланып жатпағанын мәлімдеді.

Велиеваның айтуынша, хабарламалардың таралуына соңғы уақытта қалыптасқан қоғамдық жағдай себеп болған. Ол мұндай деңгейдегі шешімдер әдетте жоғары мемлекеттік құрылымдар деңгейінде қабылданатынын еске салды.

«Егер болашақта осындай шешім қабылданатын болса, оның жүзеге асырылуы міндетті түрде кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алайда қазіргі таңда бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Ресми емес ақпаратты талқылау ерте және қажетсіз пікірталастарға себеп болуы мүмкін. Мұндай өтпелі кезеңде бұл тақырыпты көтерудің қажеті жоқ», — деді депутат.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий