Өскемен прокуроры жанжалдан кейін қызметінен босатылды
Өскемен қаласының прокуроры ауысты. Бұрын бұл қызметті атқарған Тимур Қайратұлы Чақпантаевтың орнына Руслан Рүстемұлы Алишев тағайындалды, деп хабарлайды POLITICO.KZ ORDA.KZ-ке сілтеме жасап.
Бұрынғы прокурордың қызметінен кетуіне қарамағындағы қызметкерлерге қол көтеруіне қатысты дау себеп болған десті.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Чақпантаевтың өз қызметкерлеріне қол жұмсағаны туралы ақпарат тараған болатын. Қыркүйек айының ортасында прокуратура органдары оған қатысты қызметтік тексеріс басталғанын ресми растады. Сол кезде желіде тараған бейресми ақпаратқа сәйкес, 31 тамызға қараған түні прокуратура қызметкерлері белгісіз себеппен дабыл бойынша шақырылған. Кейін прокурор Чақпантаев өз кабинетінде екі қызметкерімен сөзге келіп, соңы жанжал мен қол көтеруге ұласқан делінген. Жәбірленушілердің полицияға шағымданғаны да айтылды. Осы оқиғадан кейін Чақпантаев уақытша қызметінен шеттетілген еді.
Өскеменнің жаңа прокуроры болып тағайындалған Руслан Алишев 1984 жылы 18 маусымда Жамбыл облысының Амангелді ауылында дүниеге келген. Прокуратура жүйесінде 2008 жылдан бері қызмет атқарады. Бұл лауазымға дейін ол Абай облысы прокурорының орынбасары қызметін атқарған.
Соңғы жаңалықтар