Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтініш қабылдауды бастайды
 
                                Қазақстандықтарды баспанамен қамтуды көздейтін "Наурыз" тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтініштерді қабылдау мерзімі белгіленді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтінімдер 2025 жылдың 3 қарашасынан бастап 1 желтоқсанына дейін қабылданады.
Бұл мүмкіндікке Отбасы банкінің барлық салымшысы ие. Сондай-ақ, шотында 2 миллион теңгеден кем емес сомасы бар әрі соңғы бес жылда өз атында немесе отбасы мүшелерінде баспанасы болмаған азаматтар да қатыса алады.
Өтінім толығымен онлайн, Baspana Market платформасы арқылы жіберіледі. Қатысушылар барлық нәтижені де сол порталдан бақылай алады.
Бағдарлама шартына сәйкес, толық жөндеуден өткен жаңа үй үшін бастапқы жарна – 10%. Ал жөндеуі аяқталмаған немесе екінші нарықтағы баспана үшін 20% қажет. Несие мөлшерлемесі халықтың әлеуметтік осал тобына 7%-бен (ЖТСМ 7,1%-дан), ал қалған қатысушыларға 9%-бен (ЖТСМ 9,4%-дан) ұсынылады.
Несиенің ең ұзақ мерзімі – 19 жыл. Елорда мен Алматы тұрғындары ең көп дегенде 36 миллион теңгеге дейін, ал аймақтардағы азаматтар 30 миллион теңгеге дейін ипотека рәсімдей алады.
Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – үй таңдау тәртібі. Астана, Алматы және облыс орталықтарының тұрғындары тек жаңа үйлерді (бірінші нарық) ала алады. Ал моноқалалар мен ауылдарда тұратындарға жаңа үйді де, екінші нарықтағы баспананы да алуға рұқсат етілген. Барлық тұрғын үй Baspana Market порталы арқылы таңдалуы тиіс.
Соңғы жаңалықтар
 
                                         
                                         
                                         
                                         
                                         
                            