Парамен сотталған Бақытгүл Хаменованың тойға қалай барғаны анықталды
Әлеуметтік желілерде Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, пара алу ісі бойынша сотталған Бақытгүл Хаменованың тойда жүрген видеосы тарады. Кадрлардан оның салтанатты шарада алдыңғы қатарда, құрметті қонақтар қатарында отырғаны көрінеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, Хаменова шартты түрде сотталған және қазіргі уақытта пробация қызметінің бақылауында.
«Атырау қаласы №2 сотының заңды күшіне енген үкімімен Бақытгүл Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда оның кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан, сот Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігін қолданып, жазаны өтеуді үш жыл мерзімге, бірақ баласы 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырды», — делінген ҚАЖК хабарламасында.
Ведомство өкілдері жазаны өтеу мерзімі кейінге қалдырылған тұлға бірқатар шектеулерге бағынуға тиіс екенін атап өтті. Атап айтқанда, оған ел аумағынан шығуға тыйым салынған және ол әр тоқсанда кемінде бір рет пробация қызметінде белгіленіп отыруы қажет.
Еске салайық, Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнатуға арналған 145 млн теңгелік мемлекеттік сатып алу келісімшартына байланысты ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталып, кейін сот үкімімен кінәлі деп танылған болатын.
Соңғы жаңалықтар