Парамен ұсталған командир мен прокурорды босатып жіберген! Кәсіпкер Президенттен араша сұрады

Кәсіпкер әрі төрт баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана Ердебаева Әсел Сатылғанқызы әскери шенділерге қатысты қылмыстық істің тоқтатылуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына өтініш жолдап, көмек сұрады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Кәсіпкер өз үндеуінде Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский кентіндегі №28123 әскери бөлімі командирінің орынбасары Исаев Ербұлан Алпысбайұлы пен Гвардейский гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры Ақылжан Диас Телманұлына қатысты қылмыстық істі қадағалаған Бас әскери прокуратура тарапынан заңсыздық орын алғанын айтып, әділ тергеу жүргізуді талап етті.
Ердебаеваның айтуынша, ол әскери бөлім аумағында шайхана жұмысын жүргізіп келген. 2025 жылғы 25 қыркүйекте ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне шағым түсіріп, бөлім командирінің орынбасары Исаев Ербұлан Алпысбайұлының өзінен ай сайын 500 мың теңге көлемінде ақша талап еткенін хабарлаған.
Кәсіпкердің сөзінше, ол ақшаны бермеген жағдайда келісімшартты тоқтатумен қорқытқан. Сонымен қатар, Исаев ақшаның бір бөлігі әскери прокурор Диас есімді тұлғаға тиесілі екенін айтқан.
Келесі күні, 26 қыркүйекте, ҰҚК тергеушілері аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғап, 27 қыркүйекте Отар ауылында Ербұлан Исаевты пара алу кезінде қолға түсірген. Тергеу барысында ол ақшаның Гвардей гарнизонының әскери прокуроры Диас Телманұлы Ақылжанға арналғанын мойындаған. Сол күні прокурор да ұсталған.
Ердебаева Алматы қаласындағы тергеу амалдарына қатысып, екі күдіктінің адвокаттарының көзінше кінәларын мойындағанын естігенін айтады. Алайда бірнеше күннен кейін екеуі де босатылып, 5 қазан күні кәсіпкерге іс “қылмыс құрамының болмауына байланысты” тоқтатылғаны туралы ресми хабарлама келген.
«Олар қолма-қол ұсталды, видеода мойындады, мен берген ақша ҰҚК қызметкерлері тарапынан алдын ала белгіленіп, суретке түсірілген. Соған қарамастан істі тоқтатып тастады. Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Қазиев Мақсат Бейсенбекұлының шешімімен келіспеймін, себебі ол заңға сәйкес келмейді және Мемлекет Басшысының «Заң мен тәртіп» саясатына қайшы келеді», – делінген Ердәбаеваның үндеуінде.
Ол өзінің қорғаусыз қалғанын және мұндай жағдайлар азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін жоятынын айтады. Осыған байланысты кәсіпкер биліктен істі тоқтату шешімін қабылдаған лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне қызметтік тексеру жүргізуді, тергеудің объективтілігін және өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, істің заңсыз жабылуына жол берген лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды талап етеді.
Соңғы жаңалықтар




