Пашинян неліктен Жапаровты «Қазақстан президенті» деп атады: істің мән-жайы
Армения премьер-министрі Пашинян Қырғызстан басшысын «Қазақстан президенті» деп атап, хаттама жетекшісін қызметінен босатты, деп хабарлайды Politico.kz.
Никол Пашинян Мемлекеттік хаттама қызметінің басшысы Гагик Ваноянды лауазымынан босату туралы шешімге қол қойды.
Ресми құжатта қызметтен кетудің нақты себебі жазылмаған, алайда бұқаралық ақпарат құралдары мұны жақында орын алған дипломатиялық қателікпен байланыстырып отыр.
Хаттамадағы қателік қалай болды?
Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Арменияға ресми сапары барысында Еревандағы жиында Никол Пашинян мәтінді оқып тұрып, мәртебелі мейманды бірнеше мәрте «Қазақстан президенті» деп шатастырған. Армениялық БАҚ мәліметінше, үкімет басшысының сөйлейтін сөзінің ресми мәтінінде техникалық қате жіберілген.
Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Никол Пашинян мемлекеттік хаттама қызметінің жетекшісін қызметінен алып тастады. Гагик Ваноян бұл лауазымға алғаш рет 2022 жылдың желтоқсанында тағайындалып, 2026 жылдың тамыз айында қайта бекітілген болатын.
Әзірге ресми органдар отставканың дәл осы оқиғаға байланысты болғанын растаған жоқ, дегенмен сарапшылар мен басылымдар екі оқиғаның арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар деп есептейді.
Айта кетейік, Мемлекеттік хаттама қызметі – ел басшылығының халықаралық кездесулеріне, ресми сапарларға және дипломатиялық этикеттің мінсіз сақталуына тікелей жауап беретін негізгі мемлекеттік құрылым. Мұндай деңгейдегі ресми мәтіндер мен рәсімдердің дұрыстығын қадағалау да аталған ведомствоның тікелей міндетіне кіреді.
Соңғы жаңалықтар