Павлодарда 100 мың доллар пара алған тәртіп сақшысы сотталды

10.02.2026 18:57 Арман Ермеков
Павлодарда 100 мың доллар пара алған тәртіп сақшысы сотталды
63

Павлодарда Ішкі істер министрлігінің бұрынғы қызметкері Дастанбек Қапезов мен оның сыбайластарына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz порталы Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бопсалау және алаяқтық жасады деген айыппен 4 адамға үкім шығарды.

Ішінде құқық қорғау органының бұрынғы қызметкері бар топ мүшелері 2025 жылдың наурыз айында ұсталған болатын. Айыпталушылар қатарында Дастанбек Қапезов пен Азамат Елеужанов және Әсет Жақиянов пен Абай Жанәлин бар. Тергеу органдары оларға алдын ала сөз байласу арқылы адам ұрлады және ірі көлемде ақша бопсалады деген айып таққан.

Сот материалдарына сүйенсек күдіктілер 2025 жылдың ақпанында жәбірленушіге күш қолданып ақша талап еткен. Олар жәбірленушіні қылмыстық жауапкершіліктен құтқарып шетелге шығарып жіберуге уәде берген.

«Сотталушылар жәбірленушінің еркіндігін шектей отырып оны қылмыстық жауапкершілікке тартқызбау үшін қаражат сұраған», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Дастанбек Қапезов алаяқтық жасады деп айыпталды. Сот дерегінше ол жәбірленушінің ұлына тағайындалатын жазаны жеңілдетіп беремін деп сендірген. ІІМ-нің бұрынғы қызметкері қылмыстық істің шешіміне әсер ете алмаса да заңсыз 100 мың доллар ақша алған.

Сот отырысында айыпталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ. Судьяның шешімімен Дастанбек Қапезов пен Абай Жанәлин 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Азамат Елеужанов пен Әсет Жақиянов 5 жыл 6 айға сотталды. Абай Жанәлиннің жазасын өтеу мерзімі қылмыстың қайталануын ескере отырып белгіленген.

Айта кетейік сотталушылар Қылмыстық кодекстің адам ұрлау бабы бойынша қылмыс құрамының жоқтығына байланысты ақталды. Сот жәбірленушілердің бірінің азаматтық талап арызын қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық 2025 жылдың 29 наурызында Павлодар облыстық прокуратурасы арнайы операция жүргізілгенін хабарлаған еді. Сол кезде Экономикалық тергеу департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары қылмыстық топтың жолын кескен. Топ мүшелері ірі көлемде ақша иемдену үшін жәбірленушіні автокөлікте күшпен ұстаған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий