Павлодарда прокуратура қызметкерінің көлігі қаққан әйел 10 күннен кейін қайтыс болған

07.10.2026 • 13:31 Қарақат АСЫЛОВА
Павлодарда прокуратура қызметкерінің көлігі қаққан әйел 10 күннен кейін қайтыс болған
293
Фото: NewTimes.kz/иллюстрация ИИ

Павлодарда жұмыстан үйіне қайтып бара жатқан 60 жастағы Галина Сейтбаталованы прокуратура қызметкері жүргізген көлік қағып кеткен. Ауыр жарақат алған әйел жол апатынан 10 күн өткен соң қайтыс болғанын немересі Алина айтты, деп хабарлайды Politico.kz NewTimes.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Өкінішке қарай, әжем 23 тамызда қайтыс болды. 3 қазанда қырқы болды, Павлодарға барып, асын бердік», — деген Алина.

Жол апаты 13 тамызда Нұрмағамбетов пен Камзин көшелерінің қиылысында болған. Әйелдің бас сүйегі, қабырғалары мен бұғанасы сынып, басынан ауыр жарақат алған.

Немересінің айтуынша, Галина Сейтбаталова жергілікті базардағы киім дүкенінде жұмыс істеген. Сол күні жұмыстан шығып, үйіне бара жатқанда, дүкеннен алыс емес жерде көлік қаққан. Онымен бірге жолдан өтіп бара жатқан жігіт пен қыз апатқа куә болған.

Алина оқиға жұртқа белгілі болғаннан кейін тергеуші ауыстырылғанын айтады. Оның сөзінше, содан соң тергеу жылдамырақ жүре бастаған. Отбасы өздері адвокат жалдаған.

«Білуімше, бірқатар сараптама жасалды, қазір нәтижелерін күтіп отырмыз. Өзіміз жақсы адвокат жалдадық. Біздің жағдайда ешкімге дерлік сенім қалмады, сондықтан осының бәрін түсінетін адам керек деп шештік. Тергеудің қазіргі егжей-тегжейін өзім де толық білмеймін», — деді ол.

Павлодар прокуратурасы қызметкерінің жол апатына қатысқанын растаған. Бұған дейін оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-бөлігімен (Жол ережесін бұзып, абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіру) сотқа дейінгі тергеу басталғаны хабарланған. 

Істі Павлодар облыстық полиция департаменті тергеп жатқаны хабарланған.

Politico.kz істің мән-жайын толық білу мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасына сауал жолдаған еді. Ведомство өкілдері полицияға жүгінуді сұрады. Ал облыстық полиция департаменті жолданған сауалға әзірге жауап берген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий