Павлодарда жаңа туған сәбидің өліміне қатысты студент қызға үкім шықты

25.03.2026 11:32 Мөлдір Талғат
Павлодарда жаңа туған сәбидің өліміне қатысты студент қызға үкім шықты
134
Фото: ашық дереккөз

Павлодар қаласында жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты іс бойынша студент қызға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Іс материалдарына сәйкес, бойжеткен жүктілігін ұзақ уақыт бойы ата-анасынан да, айналасындағы адамдардан да жасырған. Өткен жылдың қазан айында ол жатақхананың жуынатын бөлмесінде қыз баланы дүниеге әкелген.

Тергеу барысында босанғаннан кейін студенттің ауыр психологиялық күйзеліске түскені анықталған. Ол баланың жылаған даусынан қорқып, бұл жағдай әшкере болады деп қауіптенген.

"Босанғаннан кейін бірден сотталушы психологиялық күйзеліс жағдайында болып, баланың жылауы мен дауысы оның туғанын әшкерелейді деп қорқып, жаңа туған қызын сүлгіге орап, тыныс алу жолдарын жауып тастаған. Соның салдарынан айыпталушының қылмыстық әрекеттері нәтижесінде бала қайтыс болды", — делінген іс материалдарында.

Сотта қыз өз кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, жігіті жүктілік туралы білген соң баладан бас тартқан. Ал өзі жалғыз бала тәрбиелеуге дайын болмаған әрі жақындарының айыптауынан қорыққан.

Сот отырысында анасы бұл жағдайды үшінші тұлғалардан білгенін айтып, қызының ауыр жағдайда болғанын жеткізді. Кейін нәрестенің денесін полиция қызметкерлері алып кеткен.

Іс қысқартылған тәртіпте қаралып, қыздың әрекеті Қылмыстық кодекстің 100-бабы бойынша сараланды.

Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оған тұрғылықты жерін рұқсатсыз өзгертуге және ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды.

Жаза мерзімі ішінде ол жыл сайын 100 сағат қоғамдық жұмыс атқаруға міндеттелді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий