"Періште сол, сен нағыз батырсың": бала Шерзат Полаттың бейнесі елді елжіретті

Жақында әлеуметтік желілерде қатыгездікпен өлтірілген Шерзат Полаттың мектеп қабырғасында хорда ән айтып тұрған бейнежазбасы тарап, көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл бейне қоғамда үлкен резонанс тудырып, марқұмның жарқын бейнесін еске алған жандардың жүрегін елжіретті. Skifnews.kz ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бейнежазба жарияланғаннан кейін қолданушылар Шерзат жайлы жүрекжарды пікірлерін қалдырып, оның ерлігі мен қайсарлығына тағзым етті.
Көпшілік Шерзаттың батырлығын атап өтіп, оның қазасы жүректеріне ауыр тигенін жазды. "Періште сол, сен нағыз батырсың, өйткені жасырынған жауыздардың жүзін аштың. Қылмысты ашып кетті, батыр бала!" — деп тебіренген пікірлердің бірі қоғамдағы әділетсіздікпен күрескен жасөспірімнің бейнесін паш етеді. Шерзатты жеке танымаса да, оның қазасы ел ішінде ауыр күйзеліс тудырып, көпшілік оның өмірден мезгілсіз кеткеніне күйінді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жүріп жатыр. Қылмыстық іске байланысты тоғыз күдікті айыпталып, сотталушылар орындығында жауап беруде. Бұл іс қоғам назарында тұрған резонансты оқиға ретінде әділ шешім қабылдануын күтіп отыр.
Соңғы жаңалықтар





