Петропавлда 11 жастағы қызды қайтыс болған анасының несиесі үшін соттап жатыр

23.06.2026 11:15 Мөлдір ҚАЙНАР
Петропавлда 11 жастағы қызды қайтыс болған анасының несиесі үшін соттап жатыр
207
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Петропавлда банк 11 жастағы жетім қыздан марқұм анасының 90 мың теңге көлеміндегі несиелік қарызын өндіруді талап етіп, сотқа жүгінген, деп хабарлайды Politico.kz.

Ақпаратқа сәйкес, қыздың анасы бір жыл бұрын инфаркттан қайтыс болған. Артында өтелмеген несие қалған. Енді бесінші сынып оқушысы қарыз мәселесіне байланысты сот дауына тап болып отыр.

Сот процесіне кәмелетке толмаған қыздың өзі қатыспайды. Оның мүддесін қамқоршысы әрі туған тәтесі қорғайды.

 "Бұл несие тұтынушылық мақсатта алынған. Ал сіздер әрекетке қабілетсіз кәмелетке толмаған баланың мүлкіне тыйым салуды сұрап отырсыздар. Несие ешқандай кепілмен рәсімделмеген, ипотекалық та емес. Мен үшін 90 мың теңге – үлкен ақша", – деді қыздың тәтесі Зинаида Мулькова.

Ал банк өкілінің айтуынша, қарыз алушы қайтыс болғаннан кейін барлық өсімпұл мен айыппұлдар толықтай есептен шығарылған.

"Қарызды уақытында өтемегені үшін есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды 100 пайыз алып тастау туралы шешім қабылданды", – деді банк өкілі Әсел Есентаева.

Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр. Туыстары қыздың жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупі бар екенін айтып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий