Петропавлдағы 5 млрд теңгенің жобасы. Шенеуніктермен сөз байласқан мердігер ұсталды
Петропавл қаласында жаңа жол өткелін салуға бөлінген бюджет қаражатын шенеуніктермен бірігіп ұрлады деген күдікпен мердігер компанияның басшысы қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл оқиға 2023 жылдың тамыз айында басталған. Сол кезде Петропавл қаласы әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен БУКА серіктестігі құны 5,4 млрд теңге болатын автожол өткелін салуға келісімшарт жасайды. Алайда мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын уақытында істемей, кестеден үнемі кешігіп отырған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше компания директоры тапсырыс беруші мекемедегі лауазымды тұлғалармен алдын ала сөз байласқан. Олар істелмеген жұмысты толық аяқталды деп көрсетіп, жалған құжаттарға қол қойғызып отырған. Осы өтірік актілердің негізінде мердігердің есепшотына мемлекет қазынасынан негізсіз ақша аударылып келді.
Осындай заңсыз әрекеттердің кесірінен мемлекетке 2 млрд теңгеден астам шығын келді. Қазіргі уақытта сот шешімімен компания басшысы қамауға алынып, оның жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 автокөлігі мен арнайы техникасы бұғатталды. Құзырлы органдар бұл істі ары қарай тергеп жатыр.
Айта кетейік, Шығыста қамауға алынған депутаттың компаниясы 1,4 млрдқа салынған жолды қайта жөндейтін болды.
Соңғы жаңалықтар