Politico: Польша соғысқа дайындалуда

Politico: Польша соғысқа дайындалуда
27.03.2025 15:36
0
475
Wojtek Radwanski/AFP via Getty Images
Ресейдің қаупіне қарсы Польша армиясын екі есе ұлғайтпақ

Польша Ресеймен соғыс басталып кетуі мүмкін деген қауіппен әскери дайындықты күрт күшейтуде, деп хабарлайды POLITICO.KZ Politico басылымына сілтеме жасап.

Politico жариялаған ақпаратқа сәйкес, Польша Ресейдің 2022 жылы Украинаға шабуылынан кейін қорғаныс саласына ерекше мән беруде. НАТО елдері арасында Варшава қорғаныс саласына ең көп қаржы – ІЖӨ-нің 4,7%-ын жұмсап, Еуропалық Одақ ішіндегі ең үлкен армияны қалыптастырған. Ел реактивті ұшақтар, зымырандар, танктер, артиллерия және басқа да қару-жараққа миллиардтаған еуро жұмсап жатыр.

Польша Қарулы Күштерінің Бас штабының бастығы генерал Веслав Кукуланың айтуынша, Польша Ресей мен оның одақтасы Беларусьпен көрші орналасқандықтан, соғысқа дайындалуға және оған жауап беруге уақыты өте шектеулі.

Осыған байланысты Польша армия санын 500 мың адамға дейін көбейтіп, миллиондаған резервистерді дайындамақ. Бұл туралы наурыз айында парламентте премьер-министр Дональд Туск мәлімдеді.

«Жыл соңына дейін біз Польшадағы әрбір ересек ер адамды соғысқа дайындайтын модельді әзірлеп, резерв санын ықтимал қауіптерге сәйкес етуіміз керек. Сонымен қатар әйелдер де әскер қатарына кіре алады», – деді Туск.

Генерал Кукуланың айтуынша, алғашқы кезеңде 2026 жылдың соңына қарай 100 мың резервисті даярлау жоспарланып отыр. Резервистердің орташа жасы қазіргі уақытта шамамен 45 жаста, сондықтан армияға жаңа, жас кадрлар қажет.

Бұдан бөлек, Польша қоғамды соғыстың ықтимал салдарына дайындау қажеттігін алға тартуда.

Дегенмен, кейбір әскери сарапшылар Польшада уақыт тым аз болуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Польша Бас штабы бастығының бұрынғы орынбасары, генерал Леон Коморницкийдің пікірінше, егер бейбіт келісім жасалмаса және НАТО-дағы алауыздық жалғасса, Ресей Балтық елдеріне шабуыл жасауы мүмкін. Оның айтуынша, бұл шабуыл биылғы жылдың аяғында немесе келесі жылдың басында болуы мүмкін.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий