Сауранбаев өзі кетті ме, әлде отставкаға жіберілді ме?

Сауранбаев өзі кетті ме, әлде отставкаға жіберілді ме?
Фото: Көлік министрлігі

Бүгін, 3 қарашада, Нұрлан Сауранбаев Қазақстанның көлік министрі қызметінен босатылды. Оның орнына бұған дейін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болған Әсел Жанасова тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Министрлікке келгенге дейін Сауранбаев 4 жылға жуық «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарған. 2025 жылдың маусымында көлік министрі атанды. Алайда арада небәрі 2 ай өткенде оның орынбасары қылмыстық іске ілікті.

Енді Сауранбаевтың өзі де қызметінен кетті. Бірақ не себепті босатылғаны айтылмады. Ақорда да, үкімет те, Көлік министрлігінің баспасөз қызметі де бұл шешімге қатысты түсініктеме берген жоқ.

Осыған байланысты премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың 2025 жылғы 7 тамызда үкіметтегі брифингте айтқан сөзін еске түсірдік.

– Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін, егер қандай да бір мемлекеттік ұйымның немесе мемлекеттік органның қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталса, бірінші басшы отставкаға өтініш беруі тиіс, – деген еді сол кезде Бозымбаев.

Әңгіме кім туралы?

Көлік министрінің бұрынғы орынбасары Сатжан Аблалиев туралы.

2025 жылдың тамызында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) оны пара алды деген күдікпен ұстаған. Шенеунік қамауға алынып, 7 тамызда қызметінен босатылғаны белгілі болды.

Ол кезде Аблалиевтің министр орынбасары болып жұмыс істегеніне 2 жылға жуықтаған еді. Ол бұл қызметке Нұрлан Сауранбаев министр болмай тұрып, Марат Қарабаевтың кезінде тағайындалған.

Арада бір жылдан астам уақыт өткенде біз бұрынғы вице-министрдің қылмыстық ісі не болғанын анықтауды жөн көрдік. ҰҚК-ге сауал жолдап, тергеудің жай-жапсарын, тағылған айыптарды және сот отырысының уақытын білдік. Бұл туралы бұған дейін жазған болатынбыз.

Қысқасы, Аблалиевтің ісі сотқа жеткен. Оған Қылмыстық кодекстің 3 бабы бойынша айып тағылып отыр. Атап айтқанда:

- 364-баптың 3-бөлігі – кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу;
- 361-баптың 3-бөлігі – лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану;
- 218-баптың 3-бөлігінің 1 және 3-тармақтары – қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру.

Бір қызығы, 2025 жылдың тамызында Аблалиев пара алды деген күдікпен ұсталғанымен, сот материалдарында оған мұндай айып тағылмаған.

Біз бұған дейін зерделеген құжаттарда жәбірленуші ретінде Көлік министрлігі заң департаментінің директоры Бақытбек Хабылмажитұлы Төлеубаев көрсетілген.

Іс бойынша алдын ала сот тыңдауы 2026 жылғы 27 қазанда сағат 10:00-де Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына белгіленген еді.

Сотта не болды?

27 қазаннан кейін сот органдарының бірыңғай порталында жарияланған отырыс хаттамаларын қарап, істің қалай қаралғанын анықтадық.

Құжаттарға сүйенсек, сот отырысы 27 қазанда сағат 10:00-де судья Саят Тәшімбаевтың төрағалығымен басталған. Алайда Аблалиев сотқа келмегендіктен, 15 минуттан кейін отырыс сағат 11:00-ге шегерілген.

Сағат 11:05-те сот қайта басталды. Бұл жолы отырысқа Аблалиевтің өзі, оның адвокаттары, прокурор Еркебұлан Шалқаров және жәбірленуші тараптың өкілі қатысты.

Хаттамада жәбірленуші тарап ретінде Көлік министрлігі көрсетілген. Оның мүддесін Н. Әділжанова қорғаған.

Сағат 11:15-те прокурор айыптау актісін оқуға кірісті. Одан кейін судья Аблалиевтен тағылған айыптарды мойындай ма деп сұрады.

Бұрынғы вице-министр кінәсін толықтай жоққа шығарды.

«Аблалиев С.А. өз кінәсін толық көлемде мойындамайтынын түсіндірді», – деп жазылған сот отырысының қысқаша хаттамасында.

Бұдан кейін адвокат Әсел Тоқаева қорғау тарапының актісін оқыды. Сот бұл құжатты іс материалдарына тіркеді.

Ал екінші қорғаушы А. Ақылбеков бұғатталған, бірақ айыптау актісінде көрсетілмеген жылжымайтын мүлік мәселесін көтерді. Судья оған тиісті түсініктеме берді.

Отырыс барысында тараптар істі әрі қарай қарау тәртібін де келісті. Соның ішінде жәбірленуші тараптың өкілінен, куәгерлерден және сотталушының өзінен жауап алу мәселесі қаралды.

Сот отырысы сағат 12:45-те аяқталды.

Келесі отырыс 9 қарашада сағат 09:45-ке белгіленді. Онда куәгерлерден жауап алу жоспарланып отыр.

Аблалиевтің ісі Сауранбаевтың кетуіне себеп болды ма?

Әзірге белгісіз.

Дегенмен Қанат Бозымбаевтың сол кездегі түсіндіруіне сүйенсек, қарамағындағы қызметкер сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталып, сот үкімі заңды күшіне енген жағдайда ғана бірінші басшы отставкаға өтініш беруі тиіс.

Ал Аблалиевке қатысты әзірге мұндай сот шешімі жоқ. Оның ісі әлі қаралып жатыр.

Сондықтан Нұрлан Сауранбаевтың қызметтен босатылуына бұрынғы орынбасарының қылмыстық ісі себеп болды деп кесіп айтуға болмайды.

Біз бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін үкіметке ресми сауал жолдадық. Сауранбаевтың қызметтен кетуі кезекті кадрлық шешім бе, әлде Сатжан Аблалиевтің қылмыстық ісімен байланысты ма? Енді осы сұрақтың жауабын күтеміз.

Ал осы уақытта премьер-министр Олжас Бектенов Көлік министрлігінің ұжымына жаңа министр Әсел Жанасованы таныстырып, Нұрлан Сауранбаевқа еліміздің көлік саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу