Зікіршілер жамағатының жетекшісі Исматулла Мақсұм жайлы тараған деректерден кейін тергеу басталды
Ішкі істер министрлігі сопылық зікіршілер жамағатының жетекшісі Исматулла Мақсұмның ауыр айыптауларынан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен YouTube-арналарда оның кәмелетке толмағандарға жыныстық сипатта қиянат жасағаны туралы бірқатар сұхбат тараған болатын.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жарияланымдарда келтірілген деректер толық тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
«Жарияланымдағы деректерге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның аясында барлық мән-жайлар тексерілетін болады. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген ІІМ жауабында.
Қазіргі уақытта жаңа тергеудің нақты қай бап бойынша жүргізіліп жатқаны және іс бойынша кімдердің процессуалдық мәртебе алғаны жарияланған жоқ.
Аталған даудың туындауына Ақылбек Жұмабековтің журналист Жанар Байсемізге берген ашық сұхбаты түрткі болды. Ол өз мәлімдемесінде діни жетекшінің жасөспірімдерге жыныстық қысым көрсеткенін айтып, жамағат ішіндегі мұндай жағдайлар көпшілікке бұрыннан белгілі болса да, жұрт жария етуге батпағанын жеткізген. Дәл осындай мазмұндағы деректер бұған дейін белсенді Абзал Достияровтың арнасындағы сұхбатта да көтерілген еді.
Қоғамдағы қызу талқылаулардан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шұғыл мәлімдеме жасап, аталмыш тұлғалардың елдегі ресми мүфтиятқа еш қатысы жоқ екенін нақтылады.
Соңғы жаңалықтар