Балқаш зауыты шатырын жаңартып, қауіпсіздікке көңіл бөліп жатыр
Балқаш мыс балқыту зауытында өндірістік ғимараттардың шатырын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 2026 жылы жоспарланған жұмыстың 62 пайызы орындалды, деп хабарлайды Politico.kz.
«Kazakhmys Smelting» ЖШС-не қарасты зауытта биыл жалпы ауданы 27 310 шаршы метр шатырды жөндеу жоспарланған. Қазір оның 16 871 шаршы метрі жаңартылды.
Негізгі жұмыстардың бірі мыс балқыту цехында жүргізіліп жатыр. Мұнда 4 868 шаршы метр шатырдың 2 642 шаршы метрі жөнделді. Бұл жоспардың 54 пайызынан асады. Қалған бөліктерінде жұмыс жалғасуда.
Кәсіпорынның мәліметінше, шатырды жаңарту ғимараттардың зақымдану қаупін азайтып, олардың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жөндеу жұмыстары қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға да бағытталған.
2026 жылы Балқаш өндірістік алаңындағы ғимараттар мен құрылыстарды жөндеуге 3,74 миллиард теңге қарастырылған.
Бұл қаржы мыс балқыту өндірісі, мыс электролизі, бағалы металдар, күкірт қышқылы және шихта дайындау цехтарын, сондай-ақ кәсіпорынның басқа да бөлімшелерін жөндеуге бағытталған.
Аталған жұмыстар «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Бағдарламаның мақсаты ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жағдайын сақтау, пайдалану мерзімін ұзарту және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Соңғы жаңалықтар