Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады
14.09.2025 12:02
0
174

Бүгін, 14 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Өз құттықтауында Президент отбасының халқымыз үшін қасиетті ұғым екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Отбасы күнімен құттықтауы:

Құрметті отандастар!

Баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – ұлтымызды мейірім мен қамқорлық, өзара қолдау мен азаматтық жауапкершілік сияқты мызғымас құндылықтар аясында ұйыстыратын тамаша мереке. 

Отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Әр адам, ең алдымен, өзінің қастерлі шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алып, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді. Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ өсіп шығады.  

Сондықтан біз бәріміз бір ел болып халқымыздың салт-дәстүрі мен қазіргі замандағы озық көзқарасы үйлесім тапқан отбасы құндылықтарын сақтап, оны нығайтып, жан-жақты насихаттауымыз керек. 

Жарық өмір сыйлаған ата-аналарымызға зор құрметпен қарау – қастерлі парыз. Әсіресе, аялы алақанымен, ақыл-парасатымен әрбір үйді шуаққа бөлейтін аналардың орны ерекше. «Ана – Жер-Ана» – адамзат өркениетінің өзегі.  

Біз асқар тау әкелеріміздің табанды еңбегі мен ерен ерлігіне бас иіп, қадір тұтуымыз керек. 

Әр шаңырақта ырыс-ынтымақ болса, еліміз де қарқынды дамиды. Бұл – Әділетті және Қуатты Қазақстан құрудың аса маңызды шарты. Сондықтан мемлекет отбасы құндылықтарын кеңінен дәріптеп, ана мен бала құқығын қорғауға айрықша мән береді. 

Әр шаңырақ бақ-берекеге толсын!

Барша отандастарымызға зор денсаулық, мол табыс тілеймін!

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий