Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасы бойынша референдумда дауыс берді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумға қатысып, жаңа Конституция жобасы бойынша өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы дауысын елордалық Оқушылар сарайындағы № 51 сайлау учаскесінде берді.
Дауыс берген соң Президент отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі күннің еліміздің дамуы мен келешегі үшін ерекше маңызды екенін атап өтіп, жаңа Конституцияның маңызы туралы пікір білдірді.
– Бүгін еліміздің тағдырын айқындайтын күн. Баршаңызға құтты болсын! Бұл – тарихи құжат. Ол азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Сондықтан оның маңызы өте жоғары. Жаңа Конституция еліміздің, жеріміздің тұтастығын, тәуелсіздігі мен егемендігін қорғайды. 1995 жылы қабылданған Конституция ерекше рөл атқарды. Еліміз 35 жыл бойы осы құжатпен өмір сүрді. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді. Бұл жұмысқа мен де белсене атсалыстым. Конституцияның преамбуласын және басқа да нормаларын өзім жаздым. Жаңа Ата заң ел игілігіне, келешегіне қызмет етеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент конституциялық реформаның негізгі мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Соңғы жаңалықтар