Президент «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты қабылдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Кездесу барысында Нұрлан Сауранбаев компанияның 2024 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Оның айтуынша, негізгі өндірістік көрсеткіштерде оң динамика сақталған.
– Эксплуатациялық жүк айналымы 272 миллиард тонна-шақырымды құраған. Қазақстан-Қытай түйіспелері арқылы 32 миллион тонна жүк тасымалданып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 13,1 пайызға артық.
– Контейнерлік транзит 8,8 пайызға өсті. Барлығы 1,4 миллион жиырма пұттық эквивалент тасымалданды.
Сонымен қатар, ол Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал бағыттарында және Алматы торабының айналма жолында жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жобалардың барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, Достық – Мойынты және Жетіген – Қазыбек-бек учаскелерінің құрылысы кестеден бұрын аяқталмақ.
Нұрлан Сауранбаев Қазақстандық дәліздерге жүк ағындарын тарту үшін терминал желісінің кеңейіп жатқанын атап өтті. Сиань қаласында құрғақ порт іске қосылып, Әзербайжан, Мажарстан, Ресей және Қазақстан порттарында жаңа терминалдар құрылысы басталды. Ақтау портында қытайлық серіктестермен бірге контейнерлік хаб салу қолға алынған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды, транзиттік әлеуетті және цифрлық шешімдерді дамыту бағытындағы жұмысты жандандырудың маңызын атап өтті. Ол қойылған міндеттердің орындалуы Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға айтарлықтай үлес қосатынын айтты.