Президент үшінші жылу электр орталығының жұмысымен танысты

Президент үшінші жылу электр орталығының жұмысымен танысты
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы үшінші жылу электр орталығының алғашқы кезеңін аралап, қаланың энергетикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстармен танысты.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына энергетикалық инфрақұрылымның қазіргі жағдайын баяндап, үшінші ЖЭО-ның іске қосылған алғашқы кезегі мен қосымша екі стансаның арқасында қаладағы жылу қуаты 30 пайызға артқанын жеткізді. Сағатына 1100 Гкал жылу бере алатын «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары елордадағы жылу тапшылығын біршама азайтып отыр.
Биыл «Тұран» стансасының екінші кезеңін толық аяқтау, «Телман» стансасын салу және екінші ЖЭО мен «Оңтүстік-Батыс» газ жылу стансасын кеңейту жұмыстары қолға алынбақ. Бұл жобалар іске асса, 2035 жылға дейін қосымша жылу энергиясын өндірудің тұрақты көзіне айналмақ.
Сонымен қатар, Президентке үшінші ЖЭО-ның екінші кезеңінде іске асырылатын бу-газ қондырғысының жобасы таныстырылды. Табиғи газбен жұмыс істейтін бұл кешен сағатына 440 Гкал жылу өндіре алады. Бұл көлем Астананың оңтүстік-батыс бөлігінің жылу сұранысын толық жабуға қауқарлы.
Қазіргі таңда үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезеңі қосымша отын қорымен қамтамасыз етіліп, толыққанды жұмыс режиміне көшуге дайындық жүріп жатыр.
Мемлекет басшысы елорданың энергетикалық инфрақұрылымын дамыту – қаланың қауіпсіздігі мен тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар





