Путин Ресейде әскерге шақыруды жыл бойы өткізуге рұқсат берді: жаңа заңға қол қойды

05.11.2025 06:33 Арман Ермеков
Путин Ресейде әскерге шақыруды жыл бойы өткізуге рұқсат берді: жаңа заңға қол қойды
0
534
Фото: Кремль

Ресейде қорғаныс қызметіне қатысты заңнамаға өзгеріс енгізілді. Ресей Федерациясының президент Владимир Путин азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру шараларын жыл бойы жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа заңды бекітті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Бұл заң 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Жаңа құжатқа сәйкес, медициналық куәландыру, кәсіби психологиялық іріктеу және әскерге шақыру комиссиясының отырыстары енді жыл бойы, яғни 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін тұрақты түрде өткізілетін болады.

Алайда, құжатта әскерге шақырылушыларды қызмет ететін орындарына нақты жөнелту тәртібі бұрынғыдай жылына екі рет сақталатыны атап өтілген. Әскерге жөнелту 1 сәуірден 15 шілдеге дейін және 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейін жүргізіледі.

Сондай-ақ, азаматтардың кейбір санаттары үшін жөнелту мерзімдеріне қатысты нақтылаулар бар. Мысалы, дала жұмыстарымен айналысатын ауыл тұрғындары әскерге 15 қазаннан 31 желтоқсанға дейін, ал білім беру ұйымдарының педагогтары 1 мамырдан 15 шілдеге дейін жіберіледі. Алыс солтүстік тұрғындары үшін бұл мерзім 1 мамырдан 15 шілдеге дейін немесе 1 қарашадан 31 желтоқсанға дейін болып бекітілді.

Заңдағы тағы бір жаңашылдық – электронды шақырту қағазы бойынша әскери комиссариатқа келу мерзімі ұзартылды. Бұрын бұл мерзім 20 күн болса, енді шақырту реестрде жарияланған сәттен бастап 30 күн ішінде келуі тиіс.

Бұл өзгерістер әскерге шақыру пункттеріне түсетін жүктемені біркелкі бөлуге және азаматтарды әскери қызметке шақыру сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп түсіндірілді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий