"Пышақты үш рет сұғып жібердім". Шерзат сотында Абзал Шынасыл шындығын айтты

21.05.2025 11:30
0
116
видеодан алынған кадр

Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты қоғам назарын аударған қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасуда. Бүгін бұл істе басты айыпталушылардың бірі — Абзал Шынасыл алғаш рет сот алдында жан-жақты түсініктеме берді.

Абзал Шынасылға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша бірнеше ауыр баппен айып тағылған. Олар: 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық), 99-баптың 2-бөлігінің 5, 9 және 14-тармақтары (адам өлтіру), сондай-ақ 24-баптың 3-бөлігі мен 99-баптың 2-бөлігі (адам өлтіруге оқталу).

Сотта Абзал өзіне тағылған айыпты жартылай мойындап, әрекетін сол сәттегі эмоциямен байланыстыратынын айтты. Оның сөзінше, оқиға орнында нақты не болғанын толық түсінбей, күйзеліс пен дүрбелең әсерінен әрекет еткен.

«Шерзат құлап қалды. Неден құлағанын аңғармадым. Шалынып құлады деп ойладым. Отырған кезде біреу “Скорый!” деп айғайлады. Сол сөзден кейін тептім де, ұрдым. Біреу арқамнан тартты, танымадым. Кейін оның Әскентай Дархан екенін білдім. Оны танымай қалғандықтан екі рет ұрып жібердім. Нұрқанат қашып кеткен екен десем, сүйреп алып кетіпті. Оның шалбарының арт жағы ашық еді. Төс қалтамдағы пышақты алып, жамбас тұсына үш рет сұғып жібердім», – деді ол.

Абзал сотта пышақты оқиға орнынан қашқаннан кейін жуып, саусақ іздерін кетіріп, белгісіз жерге лақтырып жібергенін де мойындады. Сонымен қатар, тергеу кезінде өз еркінен тыс мойындауға мәжбүр болғанын айтып, тергеушілер тарапынан қысым көрсетілгенін мәлімдеді.

«Талғарда тергеушілер “Мұны бір адам мойнына алмаса, топтық қылмыс болады” деп айтты. Қонаевқа апарғанда, жолда Равиль Сакиев “Біреу мойындай салсын, әйтпесе бәрімізге қиын болады” деді. Сөйтіп, ойлана келе, Шерзатты мен, ал Нұрқанатқа пышақ салғанды Шыңғыс мойнына алатын болып келістік», – деді айыпталушы.

Бұл іс қоғамда үлкен резонанс туғызып отыр. Қылмыстық оқиға аясында 9 адамға айып тағылып, сот процесі жалғасуда. Көпшіліктің назарында тұрған бұл істің барысы әділ әрі ашық тергелуі талап етілуде

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий