"Қалай өлтірілгенін білмейміз": БАӘ-де көз жұмған апалы-сіңілі қыздардың денесі жер қойнына тапсырылды
Біріккен Араб Әмірліктерінде көз жұмған қазақстандық апалы-сіңлілі Ақжан мен Жұлдыздың денесі сенбіге қараған түні Шарджадан Қазақстанға жеткізіліп, туған жерінде жерленді, деп хабарлайды Politico.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
БАӘ құзырлы органдары ресми құжаттарда қыздардың өлім себебін «жүректің тоқтауы» деп көрсеткен. Мәйіттер әкесі Мейрам Боханов ДНҚ сараптамасынан өтіп, туыстығын растағаннан кейін ғана табысталған.
«Беттерін мешітте ғана аштық. Бауырым екеуміз қарап шықтық: біздің қыздарымыз... Анасы көрген жоқ. Қыздарының әрдайым көңілді, бақытты жүздерін есінде сақтасын», – дейді әкесі.
Қара жамылған отбасы былтыр желтоқсан айында шетелге нәпақа табуға кеткен 20 және 22 жастағы қыздарының қандай жағдайда ажал құшқанын әлі күнге дейін нақты білмей отыр.
«"Жүрегі тоқтаған" дейді. Олардың нақты қалай қайтыс болғанын, қалай өлтірілгенін біз білмейміз. Интернетте тарап жатқан алыпқашпа ақпараттың бәрі – өтірік, сенбеңіздер! Сараптаманың ресми қорытындысы шыққанда ғана нақты айта аламыз», – деп мәлімдеді Мейрам Боханов.
Қазіргі уақытта жақындары екі апта бұрын байланыс үзілген сәттен бастап не болғанын және оқиғаның анық-қанығын білуге тырысуда.
Соңғы жаңалықтар