Қанат Бозымбаев жоғалған екі сарбазды тәулік бойы іздеуді тапсырды
Маңғыстау облысында Каспий теңізінде болған қайғылы оқиғадан кейін екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия оқиға орнында жұмысын жалғастыруда. Комиссия мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіріп, іздестіру-құтқару жұмыстарының барысын бақылауда.
Нақтыланған мәлімет бойынша, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт өзгеріп, желдің күшеюі салдарынан 17 әскери қызметші суға кеткен. Олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Қазіргі таңда тағы екі әскери қызметшінің орналасқан жері белгісіз.
Қанат Бозымбаев жоғалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстарын барлық қажетті күштер мен құралдарды жұмылдыра отырып, тәулік бойы үздіксіз жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті материалдық және өзге де көмек көрсету жөнінде тапсырмалар берілді.
Уәкілетті органдар қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Айта кетейік, іздестіру-құтқару жұмыстары мен Үкіметтік комиссияның оқиға орнындағы жұмысы жалғасуда.
Соңғы жаңалықтар