«Қандай есім қоямыз?»: Сәкен Майғазиев немересінің есіміне қатысты елден кеңес сұрады

18.06.2026 17:29 Мөлдір ҚАЙНАР
«Қандай есім қоямыз?»: Сәкен Майғазиев немересінің есіміне қатысты елден кеңес сұрады
242
Фото: коллаж politico.kz

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев алғаш рет немерелі болған қуанышымен бөлісіп, көпшіліктен нәрестеге лайық есім таңдауға көмектесуді өтінді, деп хабарлайды Politico.kz.

Әнші алдымен келіні Әдия мен дүниеге келген сәбидің аман-есен екенін айтып, ақжарма тілектер жолдаған жұртқа алғыс білдірді.

«Алла ұлық! Әдиямның аман-есен аяқ-қолын бауырына алғанына шексіз шүкіршілік етемін. Құттықтауларыңыз бен ақ тілектеріңізге мың рақмет! Бізге не тілесеңіздер, Алла тағала өздеріңізге еселеп берсін», – деп жазды өнер иесі.

Сәкен Майғазиевтің айтуынша, ол сәбиге есімді анасының қоюын қалаған. Алайда анасы бұл таңдауды жастардың өзіне қалдырған.

«Анашымды шөбересімен құттықтай келгем. "Шөбереңіздің атын өзіңіз қоясыз ба?" десем, "Өздерің қалаған есімді қойыңдар, батамды бердім, разымын" деді», – дейді әнші.

Осыдан кейін өнер иесі отбасы алдын ала таңдаған бірнеше есімді жариялап, оқырмандарынан өз ұсыныстарын жазуды сұрады.

«"Әйбике", "Әйкен", "Ақнәзік", "Бөрте", "Айым", "Әсел", "Әсем", "Әдемі", "Әдемау"... Сіздер қандай есім ұсынар едіңіздер?» – деп жазды Сәкен Майғазиев.

Еске салайық, жуырда әншінің ұлы Әділет пен келіні Әдияның шаңырағында қыз бала дүниеге келіп, Сәкен Майғазиев алғаш рет ата атанған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий