Қандыағаш қаласының әкімі көңілдесін соққыға жыққаны үшін сотталып жатыр

Қандыағаш қаласының әкімі көңілдесін соққыға жыққаны үшін сотталып жатыр
24.09.2025 14:02
0
665
Аққайыр Қазбек Тулеуханұлы(Фото: gov.kz)

Ақтөбеде әкім көңілдесін соққыға жыққаны үшін сотталып жатыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы ORDA басылымына сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырдың үстінен сот процесі басталды. Шенеунік өзімен көңілдес болған әйелді ұрып-соқты деп айыпталуда. Әкімнің өзі бұл айыпты толығымен жоққа шығарып, оны жала деп атады.

Әңгіме неден басталды?

Бұл оқиға туралы ақпарат 9 қыркүйекте пайда болды. Сол кезде Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырдың әйел адамды ұрып-соғу фактісі бойынша ісі сотқа жолданғаны белгілі болды. Енді, міне, сот отырысы басталып, істің мән-жайы айтыла бастады.

Сотта жәбірленуші әйел әкіммен 2021 жылдан бері таныс екенін айтты. Олардың арасында көңілдестік қарым-қатынас орнаған. Қазбек Аққайыр отбасын тастамайтынын, бірақ екі жаққа да бірдей қарайтынын айтып, уәде берген. Алайда, 2024 жылдың желтоқсан айында ол әйелге алғаш рет қол көтерген.

Әйелдің айтуынша, жанжал әкімнің жұмыс кабинетінде болған.

"Ол мені қылғындырып, басымнан және бетімнен бірнеше рет жұдырықпен ұрды. Мойнымнан қысып, қабырғаға апарып тақады", — деді ол сотта.

Екі тарап не дейді?

Қазіргі уақытта сотталып жатқан әкім Қазбек Аққайыр өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр. Ол мұның барлығын өзіне жағылған күйе, жала деп санайды.

Ал жәбірленуші әйел болса, оқиғадан кейін оған қысым көрсетілгенін мәлімдеді. Үш баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әйел балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді.

"Мені жұмыстағы бастығым шақырып алып: "Маған жоғарыдан қоңырау шалып жатыр. Егер жұмысың керек болса, өзің ойлан, сен балаларыңмен жалғызсың ғой" деді. Жергілікті блогерлер де арызымды қайтып алуымды сұрап, қысым көрсетті", – дейді ол.

Сотқа куәгер ретінде әкімдік қызметкерлері мен сол блогерлер де шақырылған.

Еске сала кетейік, Қазбек Аққайыр Қандыағаш қаласының әкімі қызметіне 2024 жылдың 7 шілдесінде тағайындалған. Бұған дейін ол екі рет тәртіптік жауапкершілікке тартылса да, қызметінде қала берген. Енді сот істің ақ-қарасын анықтап, айыпталушыдан жауап алатын болады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий