Қар, көктайғақ, боран: ІІМ жүргізушілерге шұғыл үндеу жасады
                                Алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде күн райы күрт бұзылмақ. Синоптиктердің болжамынша, қалың қар жауып, жолдарға мұз қатады. Оған қоса, екпінді жел тұрып, жолдағы көріну деңгейі әлдеқайда төмендейді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Осыған орай, Ішкі істер министрлігі көлік тізгіндеген барша азаматтарды барынша мұқият болуға шақырды. Тәртіп сақшылары алыс сапарға шығар алдында ең алдымен көліктің техникалық жай-күйіне жіті назар аударуды сұрайды.
– Құрметті азаматтар! Алдағы күндері ел аумағында ауа райының нашарлауы күтіледі: қар жауып, көктайғақ болып, жел күшейіп, жолдарда көріну деңгейі төмендейді.
Ішкі істер министрлігі барлық жүргізушілерді барынша мұқият болуға және көліктерін алдын ала дайындауға шақырады: доңғалақтардың, тежегіш жүйесінің жағдайын, техникалық сұйықтықтардың деңгейін және қажетті қысқы жабдықтардың бар-жоғын тексеріңіздер.
Әсіресе жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын және қалааралық жолдарға шығатын жүргізушілерге айтарымыз: жылдамдық режимін, арақашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтаңыздар.
Өз өмірлеріңіз бен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігін сақтаңыздар. Жолдағы қауіпсіздік әрқайсымыздан басталады, – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Айдын Оразбаев.
Соңғы жаңалықтар