Қарағанды облысында 14 жастағы қыз 36 жастағы ер адаммен бірге тұрып келген

Теміртауда 14 жастағы жасөспірім қыздың 36 жастағы ер адаммен бірге тұрып келгені анықталды.
Осыған байланысты Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Теміртау қаласының білім бөлімінің талап-арызын қарап, жасөспірімнің анасын ата-ана құқығынан айыру және алимент өндіру туралы шешім қабылдады. Талап-арызда баланың жүріп-тұруы мен оқуына қажетті тұрмыстық жағдай жасалмағаны, анасының тәрбиесіне араласпайтыны, жұмыс істемей, ішімдік ішетіні көрсетілген. «Салдарынан кәмелетке толмаған қыз 14 жасынан бастап 36 жастағы ер адаммен бірге тұрған», – деп нақтылады сот.
Соттың мәліметінше, әйел полицияда ата-ана міндеттерін орындамайтын тұлға ретінде тіркеуде тұрған және бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ол баласына түнде заңды өкілінсіз үйден тыс жерде жүруіне рұқсат бергені үшін де жауапқа тартылған. 2025 жылдың 12 наурызында қыз бала Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылып, қазіргі уақытта сол жерде тұрып жатыр.
Сот отырысында қамқоршылық органы мен прокурор талап-арызды қанағаттандыруды сұрады. Әйел де, қызы да анасын ата-ана құқығынан айырмауды өтінді. Алайда сот тараптардың уәждерін ескере отырып, әйелді кәмелетке толмаған қызына қатысты ата-ана құқығынан айыру және баланы асырауға алимент өндіру туралы шешім шығарды. Аталған шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар




