Қарағандыда Forbes тізіміндегі кәсіпкерлердің қаржыландыруымен алып сауда-ойын-сауық орталығы салынады

28.05.2026 10:18 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қарағандыда Forbes тізіміндегі кәсіпкерлердің қаржыландыруымен алып сауда-ойын-сауық орталығы салынады
273
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды қаласында қазақстандық ірі инвесторлар консорциумының қолдауымен толықтай жаңа форматтағы Keruen Karaganda сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы басталды, деп хабарлайды Politico.kz порталы kursiv.media-ға сілтеме жасап. 

Тәттімбет көшесінің бойында Күнгей шағынауданына қарай орналасатын жаңа кешеннің аумағы 180 мың шаршы метрден асады. Бұл алып ғимаратта заманауи кітапхана, бірнеше залдан тұратын кинотеатр, жыл бойы жұмыс істейтін мұз айдыны және тақырыптық балалар паркі бой көтереді.

Сонымен қатар мұнда қалалық өмірдің маңызды кеңістігі ретінде түрлі фестивальдер, көрмелер, спорттық іс-шаралар мен гастрономиялық жәрмеңкелер өткізуге арналған арнайы алаңдар қарастырылып отыр.

«Аумағы 180 мың шаршы метрді құрайтын жаңа орталық Keruen желісіндегі ең ірі нысан әрі Қазақстандағы ең ауқымды кешендердің біріне айналады. Мұнда әлемдік және отандық үздік брендтер, фудкорттар, балаларға арналған ойын-сауық алаңдары, сондай-ақ заманауи кітапхана ұсынылады. Ең бастысы, жобаның жүзеге асуы өңір экономикасының дамуына жаңа серпін береді, яғни кемінде 3900 жұмыс орны ашылып, салық түсімдері артады», – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Екі жерүсті қабаты мен жерасты автотұрағы бар ғимараттың сәулеттік тұжырымдамасын ірі қоғамдық кеңістіктерді жобалауға маманданған лондондық Chapman Taylor компаниясы әзірлеген. Жоба авторлары ішкі туризмді дамытуға басымдық бере отырып, бұл жерді тек сауда жасайтын орын ғана емес, нағыз мәдени демалыс ошағына айналдыруды көздеп отыр.

«Біз Keruen Karaganda жобасын адамдарға арналған кеңістік ретінде салып жатырмыз. Бұл жай ғана сауда орталығы емес, бүкіл отбасы жайлы уақыт өткізе алатын орын болады. Мұнда ашық аспан әсерін беретін шыны күмбездер, жабық автотұрақ, мұз айдыны, отбасылық парк және жан-жақты ойластырылған инфрақұрылым қарастырылған. Тіпті келушілер жылы автобус аялдамасынан лифтке тікелей өтіп, сол арқылы сауда-ойын-сауық орталығына жайлы көтеріле алатындай жағдай жасадық», – деді Keruen Karaganda компаниясының бас директоры Галина Зкрияева.

Adata сервисінің мәліметіне сүйенсек, бұл ауқымды жобаның артында елімізге танымал ірі бизнес өкілдері тұр. Жоба операторы саналатын KeruenCity Karaganda серіктестігінің құрылтайшылары қатарында Галина Зкрияевадан бөлек Forbes тізіміне енген бірнеше кәсіпкер бар.

Атап айтқанда ірі рантьелер рейтингінде оныншы орында тұрған Айдан Сүлейменованың ADD INVEST PROPERTIES, бұрынғы мемлекеттік қызметкер Бауыржан Тойбазаровтың BSF OFFICE және кәсіпкер Меруерт Иманғалиеваға тиесілі AAB PROJECTS компаниялары жобаға тікелей инвестиция құйған.

Жобаны іске асыру екі кезеңге бөлінген, оның негізгі бөлігін 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланса, екінші кезеңі 2028 жылы толық пайдалануға беріледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий