Қарағандыда саяжай төрағасы мен белсенді әйелді атып кетті

07.09.2026 14:49 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қарағандыда саяжай төрағасы мен белсенді әйелді атып кетті
30
Фото: ЖИ

Қарағандыда «Оптимист» саяжай қоғамының аумағында екі адам атып өлтірілді. Журналист Сергей Терещенконың мәліметіне сүйенсек, марқұмдар – саяжай төрағасы мен жергілікті белсенді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға салдарынан 43 жастағы Иван Коровин мен 55 жастағы Нина Серова көз жұмды. Иван Коровин аталған саяжай қоғамын басқарған. Ал Нина Серова қоғамдық жұмыстармен айналысатын белсенді болған.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, мәйіттер 6 қыркүйек күні Әлихан Бөкейхан ауданындағы саяжайлардың бірінен табылған. Екі адамның да денесінде оқ жарақатының іздері болған.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, қылмысқа күдікті ретінде 56 жастағы ер адамды ұстады. Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, ол өз кінәсін толық мойындаған. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары «Кісі өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғады. Қазір мамандар қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тиісті тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий