Қарызы барларға жақсы жаңалық: Енді несие төлемін кейінге шегеруге болады

Қазақстанда несие төлемін үш айға дейін шегеруге мүмкіндік пайда болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қазақстанда несие төлемдерін уақытша тоқтатудың жаңа тәртібі күшіне енді. Енді азаматтардың белгілі бір санаттары қарызын үш айға дейін шегере алады. Бұл жеңілдік табысынан айырылған немесе кірісі азайған жағдайда беріледі.
Бұл мүмкіндікті әлеуметтік осал топтағы азаматтар, төтенше жағдайдан зардап шеккендер және кәсіпкерлер пайдалана алады. Ол үшін олар табысының азайғанын растайтын құжаттарды несиелік ұйымға тапсыруы қажет.
Жаңа ереженің басты ерекшелігі банктер мен микроқаржы ұйымдары өтінішті 15 күн ішінде қарауға міндеттелді. Бұрын мұндай талап болмаған, шешім қаржы ұйымының өз еркінде еді. Енді өтініш уақытылы қаралмаса, азаматтар реттеуші органға шағымдана алады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі Ғаділбек Әкімнің айтуынша, қарыз алушылар мәселе туындаған жағдайда алдымен омбудсмендерге, одан нәтиже болмаса, агенттікке хабарласуы керек.
Бұл жаңа ереже 31 тамыздан бастап күшіне енген және қарызы бар азаматтарға уақытша жеңілдік беруге бағытталған.
Соңғы жаңалықтар





