Қаржаубай Нұрымов аяқ астынан білікті адвокаттардан бас тартты

Адвокат Саида Тәуекел Шерзат Полаттың ісіне қатысты марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтың не себепті өздерінен бас тартқанын түсінбей отырғанын мәлімдеді, деп мәлімдейді POLITICO.KZ ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Адвокат Айтбек Амангелдінің айтуынша, ол Қаржаубай Нұрымовты соңғы рет биыл 18 қаңтарда Алматыда көрген. Сол кезде Нұрымов қамаудан босап шығып, кеңседе кездескенде "отбасыммен Өзбекстанға барып демалып келемін" деген. Адвокаттар бұл шешімді дұрыс қабылдап, оны мазаламауға тырысқан.
"Біз оны аса қажеттілік болмаса, мазаламайық деп шештік. Бүкіл жұмысты өз мойнымызға алып, іске терең кірістік. Кейін үшінші тұлғалар арқылы оның Талғардан көшіп кеткенін білдік. Байланысуға тырыстық, бірақ сол уақыттан бері ол кіммен сөйлесіп, не болғанын, кімнің ықпал еткенін білмейміз", – деді Айтбек Амангелді.
Адвокат Саида Тәуекел Шерзат Полаттың отбасымен онлайн түрде жұмыс істегенін айтып, олардың тынығуына мүмкіндік беруді көздегендерін жеткізді.
"Біз отбасының бәрінен демалса екен деп ойладық. Өйткені Қаржаубай Нұрымов ешкіммен кездескісі келмеді. Сондықтан біз іс материалдарын зерттеумен айналыстық. Процедуралық құжаттарға қол қоймас бұрын байланысуға тырыстық, алайда күтпеген ақпарат алдық. Біздің арамызда ешқандай кикілжің болмағандықтан, бұл жағдайды түсінбей отырмыз", – деді адвокат.
Сондай-ақ, ол ертең Қаржаубай Нұрымовпен кездесуді жоспарлап отырғанын айтты.
"Мен әріптестеріме алғыс білдіргім келеді. Олар күндіз-түні, демалыс күндері де, таңғы беске дейін жұмыс істеді. Қонаев қаласына бірнеше рет барды. Бұл – уақыт пен энергияны талап ететін жұмыс. Біз басқа да адвокаттық істерімізді ысырып қойып, осы іске басымдық бердік. Қандай шешім қабылданатыны – олардың құқығы, бірақ біз міндетті түрде ақпаратпен бөлісеміз", – деді Саида Тәуекел.
Соңғы жаңалықтар





