Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа спорт орталығының жұмысымен танысты
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы QazSwimAcademy спорт орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Спорт орталығының директоры Президентке кешеннің мүмкіндіктері туралы баяндады. Заманауи кешенде ересектер мен балалар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда ұзындығы әртүрлі бес бассейн бар: 50 метрлік, екі 25 метрлік және екі 10 метрлік жолақтары бар бассейндер. Сонымен қатар 25 түрлі бағытта топтық жаттығулар өткізіледі.
Орталық кәсіби жаттығу залымен және арнайы жабдықтармен қамтылған. Бассейндерге судың сапасын автоматты түрде бақылайтын испандық қондырғылар орнатылған. Бұл жүйе судың құрамын талдап, қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етеді.
Президент орталықта жаттығу жасап жатқан жас спортшылармен кездесіп, оларға сәттілік тіледі.
– Келешекте табысты болуларыңызға және олимпиада чемпионы атануларыңызға тілектеспін. Спорттың денсаулықты жақсартуда, сондай-ақ халықаралық жарыстарда еліміздің даңқын шығаруда маңызы өте зор. Сіздердің жеңімпаз спортшы әрі еліміздің лайықты азаматы болатындарыңызға сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
QazSwimAcademy спорт инфрақұрылымдарын дамыту бағытында Қазақстандағы заманауи жобалардың бірі болып табылады.