Қайрат Нұртасқа уәдесін еске салған ақсақал медаль сыйға тартты

Өзбекстанда өткен концерт барысында танымал әнші Қайрат Нұртас ерекше сәттің куәсі болды. Сахнада тұрған өнер иесіне жасы үлкен кісі 2017 жылы берген уәдесін еске салып, сонау жылдардағы оқиғаны еске түсірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Қарт кісі сол жылы Қайрат Нұртастың белдігін концерттен кейін өзі бергенін айтып, әнші тұлпар мінгізуге уәде бергенін еске салды. Алайда бұл уәде орындалмағанымен, ақсақал реніш білдірмей, керісінше, әншіге немерелерінің күрестен жеңіп алған алтын және күміс медальдарын тарту етті.
«Сенің концерттеріңді 10 жылдан бері тамашалап, билеттеріңді сатып, миллионер болып кеттім. Денің сау болсын! Немерелерім бірінші, екінші орын алды. Осы аманатты Қайратқа беріңіз деп тапсырды», – деді ақсақал.
Сонымен қатар, ол 104 жасқа келген әжесінің жайнамазын да әншіге сыйлады.
«Барғаннан кейін намаз оқып, дұға жаса. 104 жасқа келген апамның жасын берсін!» – деді қарт кісі сахнада.
Қайрат Нұртас бұл сөзге күлімсіреп жауап беріп, уәдесін орындауға дайын екенін айтты:
«Тұлпар бар ғой, Аллаға шүкір. Мен тұлпар мінгіземін деп айтсам, демек, мінгіземін. Қазір ғой, көке», – деп ақсақалдың сыйлықтарын көмекшісіне қабылдатып алды.
Көпшілік бұл сәтті ерекше ықыласпен қабылдап, Қайраттың қарапайымдылығы мен ақсақалдың ізгі ниетіне сүйсінді.
Соңғы жаңалықтар





