Қазақ АҚШ-та ФБР-мен бірлесіп қылмыстық топты құрықтауға қатысты
АҚШ-та жүк тасымалымен айналысатын қазақстандық бұрынғы атом инженері Серік Жақсыбаев федералды агенттерге құны 20 млн доллар болатын фентанил партиясын бұғаттауға көмектесті, деп жазады The Times of Central Asia басылымы.
Биылғы наурыз айында Жақсыбаев Лос-Анджелестен Миннеаполиске жеңіл көлік жеткізуге тапсырыс алады. Алайда жол барысында тапсырыс беруші жүк көлігінің қай жерде келе жатқанын қайта-қайта сұрап, жүкті алдын ала келісілген мекенжайда емес беймәлім тұрақтардың бірінде қабылдап алғысы келетінін айтып күдік тудырған.
«Күдігім бірден оянды», — деді Жақсыбаев басылымға берген сұхбатында.
Ол жағдайды елеусіз қалдырмай Канзас штатының патрульдік полиция қызметкері Коди Паррға хабарласып өзі сол аумақтан өтіп бара жатқанда көлікті тоқтатып тексеруді сұрайды. Тәртіп сақшылары тексеру кезінде шынымен де көліктің ішіне жасырылған 20 млн доллардың есірткісін тапқан. Бұдан кейін қазақстандық азамат қылмыстық топты толық құрықтау үшін ФБР мен есірткіге қарсы күрес басқармасының нұсқауымен жолын ары қарай жалғастырған.
Томск политехникалық университетінің түлегі Серік Жақсыбаев бұған дейін 21 жыл бойы «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясында еңбек етіп, 2023 жылдың шілдесінде Америкаға қоныс аударған. Кейін ерекше қабілеті бар мамандарға берілетін визамен 2024 жылдың қазан айында тұрақты тұруға рұқсат алған ол жазда арнайы жүргізуші куәлігіне қол жеткізіп қазір Spark Prime Logistics компаниясында жұмыс істейді.
«Мен АҚШ экономикасына өз үлесімді қосып жатырмын. Былтыр шамамен 13 мың доллар салық төледім, ал болашақта қайтадан атом өнеркәсібіне оралғым келеді», — деді ол.
Осы оқиғадан кейін 25 наурызда Канзас полициясы оған арнайы алғыс хат жіберіп, бұл батыл қадамы жүздеген немесе мыңдаған адамның өмірін аман алып қалғанын атап өткен.

Жалпы фентанил өте күшті синтетикалық опиоид саналады және ол көбіне заңсыз есірткі мен қолдан жасалған дәрілерге қосылып адам өміріне аса қауіп төндіреді. Дегенмен қазақстандықтың өзі бұл әрекетін үлкен ерлік санамайтынын айтып, қауіптің алдын алғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Мен тек дұрыс әрекет еткеніме қуаныштымын», — деді Серік Жақсыбаев.
Соңғы жаңалықтар