«Қазақмыс» алдағы үш жылда кен қорын 365 миллион тоннаға арттырмақ

27.02.2026 11:54 Арман Ермеков
«Қазақмыс» алдағы үш жылда кен қорын 365 миллион тоннаға арттырмақ
1
Фото: «Қазақмыс корпорациясы»

«Қазақмыс» корпорациясы 2026-2028 жылдарға арналған минералдық-шикізат базасын дамыту және өндірістік қызмет жоспарын бекіткенін мәлімдеді. Компания жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда тұрақты өндірісті қамтамасыз етіп, шикізат қорын толықтыру бағытында ауқымды жұмыстарды бастап кетті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бүгінгі таңда кәсіпорынның жиынтық кен қоры 551,8 миллион тоннаны құрайды және бұл көлем өндірісті шамамен он алты жыл бойы үздіксіз қамтамасыз етуге жетеді. Осыған байланысты ресурстық базаны кеңейтіп, кен орындарының пайдалану мерзімін ұзарту компанияның басым бағытына айналып отыр. Алдағы үш жыл ішінде кен қорын 365 миллион тоннаға ұлғайту күтіліп отырса, мыстың баланстық қоры 2 328 тоннаға артады деген болжам бар.

Геологиялық барлау жұмыстары Жезқазған, Қарағанды және Балқаш өңірлерінде, сондай-ақ қолданыстағы нысандардан бір-екі жүз шақырым қашықтықтағы жаңа учаскелерде жүргізіліп жатыр. Мұндай тәсіл игерілген аумақтарға жақын жердегі инфрақұрылымды тиімді пайдаланып, инвестициялық тәуекелдерді азайтуға септігін тигізеді. Биылғы өндірістік бағдарламаға сәйкес 31,7 миллион тонна кен өндіріліп, 33,1 миллион тонна шикізат өңдеу арқылы 254,6 мың тонна мыс концентратын шығару жоспарланған.

Өндірісті жаңғырту аясында Жезқазған аймағындағы Жыланды және Жомарт кеніштерін кеңейту жұмыстары жалғасып, негізгі кен орындарындағы өндіріс көлемі тұрақтандырылуда. Сондай-ақ Құсмұрын кенішінде жұмысты қайта бастау көзделіп отыр, бұл Қарағайлы фабрикасын алдағы он жыл бойы қажетті шикізатпен қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек Нұрқазған кенішін дамыту және Шатыркөл мен Жайсаң кластерінің төменгі қабаттарындағы қорларды ашу шаралары қолға алынған.

Балқаш өңіріне қарасты Қоңырат кенішінде де жаңғырту жұмыстары жоспарланып, Саяқ кен орнында он миллион тонна кен қоры нақтыланды. Бұл аталған нысанның жұмыс істеу мерзімін 2042 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда геомеханикалық тұрақтылықты сақтау және жабдықтарды жаңарту арқылы корпорация бірқатар кен орындарының пайдалану мерзімін 2052 жылға дейін созуды мақсат етіп отыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий