«Қазақмыс» басшылары 5 күнде кеніштерді 400 рет аралап шықты
«Қазақмыс» басшылығы 5 күн ішінде өндіріс орындарын 400-ден астам рет тексеріп, кеншілердің еңбек жағдайымен тікелей танысып қайтты, деп хабарлайды Politico.kz.
«Jezqazgan Tau-ken Ondirisi» бас директоры Батыс кенішіне арнайы барып, тау-кен жұмыстарын көзбен көрді және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.
Сапар барысында теміржол инфрақұрылымына жақын маңда салынып жатқан жаңа жерасты жолының құрылысы да назардан тыс қалмады. Биыл тамыз айында аяқталатын бұл жоба кен тасымалдау қашықтығын қысқартып қана қоймай, кәсіпорынның шикізат қорын арттыруға жол ашады.
Сонымен қатар басшылық төртінші және бесінші кен өндіру горизонттарына түсіп, қарапайым кеншілермен кездесті. Олар жұмысшыларды толғандыратын түйінді мәселелерді тыңдап, өндірістегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау басты талап екенін ескертті. Тексеріс кезінде конвейер учаскесі мен кен қорын ұлғайтуға бағытталған геологиялық барлау жұмыстары да қаралды.
Мұндай тұрақты аралау шаралары «Қазақмыс корпорациясы» басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің тікелей тапсырмасымен «QA» жобасы аясында іске асып жатыр. Мұндағы негізгі мақсат басшылық пен еңбек ұжымы арасында тығыз байланыс орнатып, жұмысшылардың өтініштеріне дер кезінде жауап беру болып табылады.
Тек 30 сәуір мен 4 мамыр аралығында әртүрлі деңгейдегі 198 басшы компанияға қарасты орындарды 406 рет аралап шыққан. Осы тексерістер кезінде анықталған барлық мәселе ортақ дерекқорға тіркеліп, компания басшысының қатысуымен өтетін жиында нақты қаралады.
Бұл қадамдар өндірістегі ішкі байланысты жақсартып, қауіпсіздік пен әлеуметтік ахуалды көтеруге арналған маңызды шешімдерді жылдам қабылдауға мүмкіндік береді, деп хабарлады корпорация.
Соңғы жаңалықтар