Қазақмыс басшысы Руслан Өскенәлі Жыланды кен орындары тобына барды

20.05.2026 10:17 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақмыс басшысы Руслан Өскенәлі Жыланды кен орындары тобына барды
63
Фото: KAZAKHMYS

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жыланды кен орындары тобына жұмыс сапарымен барып, инвестициялық жобаларды іске асыру, өндіріс қуатын ұлғайту және жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту мәселелерін пысықтады, – деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл кеніштер тобы компанияның ең басты стратегиялық активтерінің бірі саналады, сол себепті 2026-2029 жылдар аралығында мұндағы кен өндіру көлемін жылына 3,5 млн тоннадан 5,4 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Өндіріс ауқымын кеңейту мақсатында «Батыс Сарыоба» шахтасының 300 және 150 метр тереңдігінде қазу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, ал «Итауыз» шахтасында кен қазбаларын тұрақты желдетіп тұратын арнайы нысандардың құрылысы толығымен мәресіне жеткен.

Сонымен қатар сапар барысында компания басшысына сыйымдылығы 1,4 млн текше метр болатын жаңа булану тоғаны таныстырылды. Өндіріс көлемі еселеп артқан шақта жұмыстың тұрақтылығын қамтамасыз ететін бұл маңызды инфрақұрылым шахталық және технологиялық суды жинап, кәдеге жаратуға арналған, қазіргі уақытта оның құрылысының бірінші кезеңі толық біткен.

Жұмыс сапарының соңында басшылық кеншілердің әкімшілік-тұрмыстық кешенін аралап, тұрмыстық инфрақұрылымды одан әрі жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«Күн сайын жер астында еңбек етіп, компанияның өндірістік нәтижесіне үлес қосып жүрген адамдар қауіпсіз әрі лайықты жағдайда жұмыс істеуі тиіс. Бұл – компанияның берік ұстанымы және біздің тікелей жауапкершілігіміз», – деді Руслан Өскенәлі.

Войдите, чтобы оставить комментарий