Қазақмыс ескіріп кеткен конвейерлерін жаңасына ауыстырып жатыр

11.08.2026 14:04 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақмыс ескіріп кеткен конвейерлерін жаңасына ауыстырып жатыр
53
Фото: KAZAKHMYS

Жезқазған, Қарағанды және Балқаш өңірлеріндегі «Қазақмыс» кәсіпорындарына жақын арада 15,8 мың метр жаңа конвейер таспасы жеткізіледі, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл жабдықтар өндірістегі тозған учаскелерді ауыстыру үшін қажет. Жоспар бойынша оның 11,9 мың метрі Жезқазғанға жіберіледі. Қарағандыдағы кәсіпорындарға 2 мың метр таспа бөлінеді. Ал қалған 1,9 мың метрі Балқашқа арналған. Жабдықты жаңарту зауыттардағы шикізат тасымалын тұрақтандырып, жоспардан тыс тоқтап қалу қаупін азайтады.

Қазірдің өзінде бірқатар нысанда жөндеу жұмысы басталды. Мәселен Жезқазған байыту фабрикасына ұзындығы 338 метр болатын таспа әкелінді. Ол ұсақталған кенді таситын ең күрделі әрі көлбеу учаскеге орнатылады. Жалпы бұл фабрикада ұзындығы 100 метрге дейін жететін 52 конвейер жұмыс істейді. Мұндай таспалардың қызмет ету мерзімі көлбеу жерлерде бір жылға әзер жетеді. Көлденең учаскелерде олар бір жарым жылға дейін шыдайды.

Ал «Батыс» кенішіне 1500 метрлік жаңа таспа сатып алынды. Бұл арнайы шахтаға арналған отқа төзімді әрі антистатикалық резеңкеден жасалған. Ол ұзындығы 2,2 шақырым болатын төртінші конвейерді күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалады. Мұндай жаңартулар жерасты өндірісіндегі жұмыстың қауіпсіздігін арттырады.

Ескірген тасымалдау желілерін уақытылы ауыстыру өндіріс инфрақұрылымын нығайтады. Корпорация қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету үшін техникалық базаны жақсартуға үнемі қаражат бөліп келеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий