Қазақмыс медпункттері бірдей стандартқа көшіп жатыр
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өндірістегі 38 медициналық пунктті жаңартуға 100 млн теңгеден астам қаржы бөлді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл қаражат жұмысшыларға шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда қажетті техниканың негізгі бөлігі кәсіпорындарға жеткізіліп үлгерді.
Бағдарлама аясында медпункттер жұмыскерлердің жағдайын бағалауға қажетті заманауи жабдықтармен толықты. Жаңа құралдардың қатарында портативті дефибриллятор мен электрокардиография аппараты бар. Сондай-ақ оттегі баллоны, медициналық зембіл, иммобилизациялық шина және тасымалдау қалқаны алынды. Бұған қоса күйікке қарсы арнайы жиынтықтар да жеткізілген.
Атап айтқанда 35 дана ZOLL AED Plus дефибрилляторы мен 35 COMEN ЭКГ аппараты сатып алынды. Сондай-ақ 20 тасымалдау қалқаны, 52 иммобилизациялық шина және 37 күйікке қарсы жиынтық берілді. Сонымен қатар барлық 38 медициналық пункт арнайы тоңазытқышпен толық қамтамасыз етілді.
Енді медициналық пункттер өндіріс ерекшелігін ескере отырып, бірыңғай стандарт бойынша жұмыс істейді. Бұл тәсіл түрлі төтенше жағдай кезінде мамандардың жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді. Барлық бөлімшеде тек бейінді оқудан өткен кәсіби медицина қызметкерлері еңбек етеді. Олар шұғыл көмек көрсету дағдысын тұрақты түрде жетілдіріп отырады.
«Өндірістегі медицина қызметкерінің басты міндеті – үнемі қажетті көмекті жедел көрсетуге дайын болу. Төтенше жағдайда әр минут маңызды. Сондықтан дер кезінде әрекет ету маманның дайындығы мен өндіріс орнында қажетті жабдықтың қолжетімді болуына тікелей байланысты», – деді «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС директоры Дәурен Аманқұлов.
Медициналық пункттерді жабдықтау корпорацияның жұмыскерлерге көмек көрсетуді дамытудағы жүйелі жұмысының бір бөлігі саналады. Компания алдағы уақытта да инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жетілдіріп, материалдық-техникалық базаны жаңартуды жалғастырады.
Соңғы жаңалықтар