"Қазақмыс" шахтадағы техниканы өрттен қорғайтын жаңа жүйені сынады

21.04.2026 14:26 Арман Ермеков
71
«Қазақмыс» өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйені сынақтан өткізді. Фото: Бейнеден алынған скрин

"Қазақмыс" корпорациясы өндіріс орындарындағы көліктер мен техникаға арналған автоматты өрт сөндіру жүйесін сәтті сынақтан өткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жер астында және ашық аумақта жұмыс істейтін техникаларға орнатылған бұл жаңа технология өрт шыққан жағдайда жалынды бірден оқшаулап тез өшіреді.

Корпорация мамандары бұл жабдықтың әртүрлі температурада тұрақты жұмыс істей алатынын және оның қосымша қуат көзімен қамтылғанын хабарлады.

Мұндай автоматты жүйені қолдану әсіресе жер астындағы шахталар үшін өте маңызды, себебі онда тілсіз жау қас-қағым сәтте таралып кетуі мүмкін. Сонымен қатар құрылғы адамның қатысуынсыз өздігінен іске қосылатындықтан, жұмысшылардың өміріне төнетін қауіп айтарлықтай азаяды.

Сынақ қорытындысы бойынша жаңа технология өртті ерте анықтап, оны дер кезінде сөндіруде өзінің тиімділігін толық дәлелдеді. Алдағы уақытта компания басшылығы бұл қауіпсіздік жүйесін өндірістегі басқа да техника түрлеріне кезең-кезеңімен орнатуды жоспарлап отыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий