«Қазақмыс» Жезқазғандағы жарты ғасырлық театрды жаңартуға 5,1 млрд теңге бөлді
Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы облыстық драма театр 1972 жылдан бері алғаш рет «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен толықтай күрделі жөндеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Жоба аясында ғимараттың тарихи сәулеті сақталып, ішкі инфрақұрылымы толық жаңартылады. Мәдени ошақ заманауи жарық және дыбыс құрылғыларымен, сондай-ақ қойылымдардың сапасын арттыратын айналмалы механизмі бар жаңа сахнамен жабдықталмақ.
Сонымен қатар жылу, су, электр желілері мен шатыр жабыны толық ауыстырылып, өрт қауіпсіздігі, бейнебақылау мен желдету жүйелері қайта орнатылады.
Компания мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта ескі дүниелерді бұзу жұмыстары толық аяқталып, ішкі әрлеу мен құрылыс-монтаждаудың келесі кезеңіне дайындық басталды. Жалпы құны 5,1 млрд теңгені құрайтын жаңғырту жобасын 2026 жылдың соңына дейін аяқтап, көрерменге жол тарту жоспарланған.
Өңірдің мәдени мұрасын сақтауға бағытталған бұл бастама Ұлытау облысындағы ауқымды әлеуметтік бағдарламаның бір бөлігі саналады. Биылдың өзінде «Қазақмыс» аймақтағы мәдениет, спорт, білім және денсаулық сақтау нысандарын дамытуға 30 млрд теңгеден астам инвестиция салып отыр.
Соңғы жаңалықтар