Қазақстан мектептерінде жаңа міндетті пәндер енгізіліп, оқу бағдарламасы өзгерді

18.08.2026 10:32 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстан мектептерінде жаңа міндетті пәндер енгізіліп, оқу бағдарламасы өзгерді
219
Фото: Үкімет

Қазақстан мектептерінде жаңа оқу жылынан бастап бірнеше жаңа міндетті пән оқытылады. Еліміздің оқу бағдарламасы жаңа Конституция нормаларына сай толық қайта қаралды. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Биылғы оқу жылынан бастап 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні қосылады. Ал 8-11-сынып аралығында «Заң және тәртіп» курсы міндетті болады. Сонымен қатар 5-11-сыныптағы барлық бала «Жеке қауіпсіздік» сабағын оқиды. Бұған дейін таңдау бойынша оқытылып келген «Құқық негіздері» пәні енді барлық оқушыға міндеттелді. Оның мазмұны жаңа Ата заң қағидаттарына толық сәйкестендірілді.

Жалпы білім беру жүйесіндегі оқушылар саны тұрақты түрде артып келеді.

«Қазіргі уақытта еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алуда. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданатын болады. 11-сыныпқа 227 мың оқушы көшті. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді», – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.

Биыл бірінші сыныпқа құжат тапсыру QazTech негізіндегі бірыңғай «OQU» платформасы арқылы жүрді. Оқу-ағарту министрінің айтуынша, өтініштердің басым бөлігі электронды форматта түскен.

«Өтініштердің 88,7%-дан астамы электрондық форматта қабылданды. Бұл ата-аналарға білім беру ұйымдарына жеке бармай-ақ, барлық қажетті рәсімдерді онлайн режимде жүзеге асырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын аңғартады», – деді ведомство басшысы.

Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау бекітілген кестеге сай кезең-кезеңімен өтеді. Бұл процесс 2026 жылғы 27 мамырдан 31 тамызға дейін жалғасады.

Еліміздің мектепке дейінгі білім беру саласында да елеулі өзгерістер бар. Қазіргі уақытта 20 қала мен облыстардың 23 ауданында ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында барлығы 1,1 млн ваучер таратылды. Нәтижесінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың кезегі күрт азайды. Олардың саны 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарды. Бұл жаңа жүйе бюджеттің 35,3 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар 100 балабақшада жаңа әдістеме сынақтан өтіп жатыр. Ол «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» деп аталады. Басты мақсат – балаларды еңбекке тәрбиелеу және мамандықтар туралы алғашқы түсінігін дұрыс қалыптастыру.

«Бүгінгі таңда елімізде 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда 1 млн-нан астам бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 360 мың бала мектепалды даярлықтан өтті», – деді министр.

Сонымен қатар, Қазақстанның 2,6 мың шағын жинақты мектебінде ЖИ технологиялары кезең-кезеңмен енгізіледі. Министрдің айтуынша, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мақсатында пилоттық жоба іске қосылады.

Жалпы, пилоттық кезеңде жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. Жоба 2029 жылға дейін барлық 2 600 шағын жинақты мектепке кеңейтіледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий