«Қазақстан мен Түркияның жақындасуы Ресейге ұнамайды» — Амангелді Құрметұлы

Журналист, әскери сала бойынша сарапшы Амангелді Құрметұлы Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының болжамды болашағы туралы сөз қозғады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Qasqa Jol YouTube арнасында Амангелді Құрметұлы қонақта болды. Ол сұхбат барысында Қазақстан мен Түркияның жақындасуы Ресейге қалай әсер ететіні туралы өз пікірін айтты.
«Біз қоғам ретінде салқындап кетеді деп есептейміз. Бұқаралық саясаттанушылар, қоғам белсенділері мен қоғамдық пікірдің лидерлерінің аузымен айтылуы мүмкін. Әңгіме негізі Тоқаевтың Анкараға сапарынан шығып отыр. Ердоған жеке шақырыпты, айрықша құрметпен күтіп алыпты деп шуылдап жатыр. Ал шын мәнінде ресми билік салқындыққа жол бермейді. Ресейдің өзі оған апара қоймайды. Қазақстанмен араны ашып алу оларға тиімді емес. Сондықтан ресми билігі нейтрал позицияны ұстанып, бізбен жылы қарым-қатынас сақтап отырған кейіп танытады. Бірақ журналистері, саясаткерлері, саясаттанушылары, түрлі деңгейдегі депутаттары арқылы бізге қатысты әңгімесін жалғастыра береді. Ол классикаға айналған дүние. Кеңес үкіметінің бұрынғы отар мемлекеттеріне қарсы әңгіме айтуды тоқтатпайды. Сол арқылы бізді эмоционалдық қысымға алуды көздейді. Ал енді таза әскери-саяси, экономикалық қадамдарға баруы неғайбыл деп есептеймін», — деп түйіндеді Амангелді Құрметұлы.
Журналист «Тұран мемлекетінің» әуселесі қай жерге дейін жететінін болжап, оған уақыт керек екенін нақтылады.
«Қазір әуе зымырандары, түрлі зымырандар жасалып жатыр. Сондай үлкен дүниелер жасалып жатқан кезде, біздің де кәсіпорындар олармен серіктес болып, кейбір өнімдерді бізден шығарса сіздің болашақтағы Тұран армияңыз автоматты түрде көтеріледі. 2021-2022 жылдары ТЖМ кезінде бірігіп әрекет ету ұсыныстары болған. Осындай ортақ штаб қалыптасатын болса шекара күзетінің ортақ топтары, антитеррорлық шекара топтар деген секілді күшке айналады. Күндердің күні әскери жасақ та құрылып кетуі мүмкін. Бірақ оған уақыт керек. Қазірдің өзінде олар бір-бірімен тәжірибе алмасып жатыр», деді ол.
Соңғы жаңалықтар





