Қазақстан Ыстықкөлден 58,8 гектар жерді 49 жылға жалға алады

12.02.2026 12:51 Арман Ермеков
Қазақстан Ыстықкөлден 58,8 гектар жерді 49 жылға жалға алады
225
Фото: taukomek.kz

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы қазақстандық пансионаттарға қатысты заңды қабылдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Енді Қазақстан көрші елден жалпы аумағы 58,8 гектар жерді 49 жылға жалға алады. Бұл аумақта қазақстандық санаторийлер мен демалыс үйлері орналасқан.

Жаңа келісімге сай, Қазақстан төрт нысанға меншік құқығын алады. Олар:

  • «Қазақстан» санаторийі (17,5 га);
  • «Университет» пансионаты (17,4 га);
  • «Самал» демалыс үйі (9,2 га);
  • «Олимп» пансионаты (14,7 га).

Бұл нысандардың барлығы кеңес заманында салынған. Құжат бойынша Қазақстан аталған демалыс орындарын (спорттық базадан басқасын) 3-4 жұлдызды қонақүй деңгейіне дейін жаңартуға міндеттеледі. Ал қырғыз тарапы нысандарды кері қайтарып алмауға кепілдік береді. Жер телімдері қатаң түрде демалыс және сауықтыру мақсатында ғана пайдаланылуы тиіс.

Депутаттардың алдында баяндама жасаған сенатор Нурия Ниязова қазіргі уақытта Президенттің Іс басқармасы «Қазақстан» санаторийін салу жұмыстарын бастағанын атап өтті.

«Оны пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған. Санаторий аумағындағы қолданыстағы барлық ескі ғимарат пен құрылыс бұзылады. Тек тарихи-мәдени мұраны сақтау мақсатында Дінмұхамед Қонаевтың №1 саяжайы ғана орнында қалады. Ол үй-музейге айналдырылады», – деді сенатор.

Айта кетейік, екі ел арасындағы бұл келісім курорттық нысандардың жұмыс істеуі үшін бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий