Қазақстанда 2027 жылы зейнетақы 8,5 пайызға өсуі мүмкін

Қазақстанда 2027 жылы зейнетақы 8,5 пайызға өсуі мүмкін
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерін 8,5%-ға арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Құжатқа сәйкес, жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы көлемі артады. Бюджет жобасында ең төменгі жиынтық зейнетақы 113 541 теңге, ал ең жоғары мөлшері 259 795 теңге деңгейінде белгіленген. Бұл көрсеткіштер әзірге жоба ретінде қаралып жатқандықтан, түпкілікті сома бекітуден кейін нақтыланады. Әр зейнеткердің алатын сомасы оның еңбек өтіліне, өткен табысына және базалық, ынтымақты немесе жинақтаушы төлемдерінің үлесіне байланысты жеке есептеледі.

Сонымен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін ең төменгі ай сайынғы төлем 2027 жылы 40 063 теңге болады деп болжануда. Бұл қаражат азаматтың жеке жинағына байланысты төленетіндіктен, барлық адамда бірдей болмайды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде:

  •  Орташа жиынтық зейнетақы 157 843 теңгені құрады (оның ішінде ынтымақты зейнетақы — 103 931 теңге, базалық төлем — 53 912 теңге);
  •  Ең төменгі зейнетақы — 69 049 теңге, ең төменгі базалық төлем — 35 596 теңге;
  •  Зейнеткерлер саны 2 601 046 адамға жеткен. Олардың 64%-ы — әйелдер, 36%-ы — ер адамдар.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 60 жастан асқан тұрғындардың жалпы саны 2,9 миллионнан асады (халықтың 14,2%-ы). Олардың ішінде 465 мыңнан астам адам зейнет жасында да еңбек етуді жалғастырып келеді.

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының мәліметі бойынша, елде 100 жастан асқан 44 зейнеткер бар. Ең қарт әжей Шымкент қаласында тұрады, жасы 106-да. Ал ең қарт ер адам 104 жаста.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу