Қазақстанда 312 мыңнан астам жас оқымайды да, жұмыс істемейді: Бұған не себеп?

Қазақстанда 312 мыңнан астам жас оқымайды да, жұмыс істемейді: Бұған не себеп?
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда жұмыс істемейтін, еш жерде оқымайтын жастардың саны азайып келеді. Соған қарамастан, елде әлі де 312 мыңнан астам жас жұмысқа да, білім алуға да тартылмаған. Олардың арасында жұмыс таппай жүргендер де, мамандығы болса да еңбек нарығынан орын таба алмағандар да бар, деп хабарлайды Politico.kz.

Energyprom сарапшылары Қазақстандағы NEET санатына жататын жастардың жағдайын зерттеді. NEET (Not in Education, Employment or Training) дегеніміз – жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастар.

Ұлттық статистика бюросының іріктемелі зерттеулеріне сәйкес, 2020 жылы Қазақстандағы NEET жастарының үлесі 7,1% болған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 6%-ға, ал 2026 жылдың екінші тоқсанында 5,7%-ға дейін төмендеген.

Нақты санға келсек, 2023 жылы елімізде 15 пен 34 жас аралығындағы 394,2 мың адам жұмыс істемеген әрі оқымаған. Кейін олардың саны 325,8 мыңға дейін азайған. Ал 2026 жылдың наурыз-маусым айларындағы мәлімет бойынша, көрсеткіш 312,1 мың адамға дейін түскен.

Бұл – бір облыс орталығында тұратын халықтың санына жуық.

Жұмыссыз жастар қай өңірлерде көп?

Ел бойынша көрсеткіш төмендегенімен, өңірлер арасындағы айырмашылық айтарлықтай.

Мәселен, 2026 жылдың екінші тоқсанында Абай облысында NEET жастарының үлесі небәрі 2,6% болған. Ал Жетісу облысында бұл көрсеткіш 7,8%-ға, Ұлытау облысында 7,7%-ға жеткен.

Дегенмен бұл өңірлердегі жастардың нақты саны көп емес.

Ал жұмыс істемейтін әрі оқымайтын жастардың саны жағынан Алматы, Түркістан облысы және Астана алда тұр.

  • Алматыда – 33,7 мың адам;
  • Түркістан облысында – 31,4 мың адам;
  • Астанада – 28,9 мың адам.

Сарапшылар мұндай айырмашылықты өңірлердің экономикалық жағдайымен, жұмыс орындарының қолжетімділігімен және жастарға жасалған мүмкіндіктермен байланыстырады.

Жастар неге жұмыс істемейді?

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы NEET мәселесін 13 жылдан астам уақыт бойы зерттеп келеді. Орталық мамандары жыл сайынғы ұлттық баяндамаларында жастардың жұмыспен қамтылуына кедергі келтіретін себептерді талдайды.

2025 жылғы «Жастар» ұлттық баяндамасында NEET жастарының үлесі өңірдің экономикалық даму деңгейіне тікелей байланысты екені айтылған.

«Соңғы жылдары NEET санатындағы жастар үлесінің тұрақты төмендеуі жұмыспен қамту, білім беру және кәсіптік бағдар беру салаларындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесін көрсетеді. Алайда өңірлер арасындағы үлкен айырмашылық әлі де сақталып отыр. Сондықтан жергілікті бағдарламаларды күшейтіп, жұмысқа тартылмаған жастардың мәселесіне жеке-жеке қарау қажет. Сондай-ақ фриланс, тағылымдамадан өту және онлайн оқыту сияқты икемді жұмыспен қамту түрлерін дамыту маңызды. Бұл әсіресе сапалы жұмыс орындары мен білім алу мүмкіндігі шектеулі өңірлер үшін өзекті», – делінген баяндамада.

Қоғамда жұмыс істемейтін жастарды кейде жалқау, ата-анасының немесе жұбайының есебінен күн көргісі келеді деп айыптайды. Алайда сарапшылар мұндай пікірмен толық келіспейді.

Себебі NEET санатына 15 пен 34 жас аралығындағы әртүрлі жағдайдағы адамдар кіреді. Олардың бәрін бірдей жұмыс істегісі келмейтін жастар деп қарастыру дұрыс емес.

Бұл топқа әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан жастар, ауылдар мен шағын қалалардың тұрғындары, мүгедектігі бар азаматтар, кәсіби білімі немесе цифрлық дағдылары жеткіліксіз адамдар да жатады.

Олардың еңбек нарығында өз орнын табуына кедергі келтіретін себептер де әртүрлі.

Мысалы, мектеп бітіріп, университетке түсе алмаған түлек пен колледж дипломын алып, 25 жасында мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген адамға бірдей көмек көрсету тиімді болмауы мүмкін. Сондықтан сарапшылар әр топтың жағдайына қарай қолдау көрсету қажет деп санайды.

Қазақстанда қанша жас жұмыссыз жүр?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда 5,3 миллион жас азамат болған. Оның 3,8 миллионы жұмыс күшінің құрамына кірген.

Ал шамамен 1,6 миллион адам жұмыс күшінің құрамына енбеген. Олардың 1,4 миллионы 16–24 жас аралығындағы азаматтар.

Бірақ бұл 1,6 миллион адамның бәрі жұмыссыз немесе NEET санатына жатады деген сөз емес.

Мысалы, жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын студенттер де жұмыс күшінің құрамына кірмеуі мүмкін. Сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты еңбек нарығына қатыспайтын адамдар бар. Сондықтан мұндай статистиканы жастардың бәрі жұмыссыз жүр деген мағынада қабылдауға болмайды.

Жалпы, Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі елдегі орташа көрсеткіштен төмен.

2025 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1% болса, жалпы халық арасындағы көрсеткіш 4,6% болған.

2023 жылға дейін жұмыссыз жастардың саны 72–80 мың адам аралығында өзгеріп, біртіндеп азайған. Алайда 2023 жылы олардың саны күрт өсіп, 129,9 мың адамға жеткен.

Мұның себебі – сол жылдан бастап Қазақстанда жастардың жас шегі 28 жастан 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Яғни статистикаға бұрын жастар санатына кірмеген азаматтар да қосылды.

Одан кейін жұмыссыз жастардың саны қайта азая бастаған.

312 мың жастың қаншасы жұмыс іздеп жүр?

2026 жылдың екінші тоқсанында NEET санатына кірген 312,1 мың адамның 108 мыңы, яғни шамамен 35%-ы ресми статистика бойынша жұмыссыз деп есептелген.

Алайда шын мәнінде жұмыс іздеп жүргендердің саны бұдан көп болуы мүмкін.

Ұлттық статистика бюросының әдістемесінде жұмыссыздықты анықтау үшін адамның жұмыс іздеп жүргені және жұмысқа шығуға дайын болуы ескеріледі. Жұмыс іздеушілердің бәрі бірдей мансап орталықтарына жүгінбейді.

Мәселен, 2026 жылдың екінші тоқсанындағы зерттеуде барлық жастағы жұмыссыздардың 42,2%-ы жұмысты таныстары мен туыстары арқылы іздейтінін айтқан.

Сарапшылар NEET санатындағы жастарды жас ерекшелігіне қарай бөлек қарастыру керек деп есептейді.

Ең жас топтың, яғни 16–24 жас аралығындағы азаматтардың жұмыссыздық мәселесі көбіне біліммен және еңбек тәжірибесінің жоқтығымен байланысты.

Зерттеуде осы жастағы жұмыссыздардың үлесі NEET жастарына қатысты 37,9% болғаны көрсетілген.

Олардың бір бөлігі әлі мамандық алып үлгермеген. Ал енді бірі колледж немесе университет бітіргенімен, жұмысқа орналаса алмаған.

Бір қызығы, елімізде жұмысшы мамандар жетіспейтіні жиі айтылғанымен, жұмыссыз жастар арасында колледж түлектері көп.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2025 жылы жұмыссыздардың 86,8%-ының техникалық және кәсіптік білімі болған.

Билік жастардың оқу бітіргеннен кейін жұмыс табуы қиын екенін мойындап, бұл мәселені шешуге бағытталған бірнеше бағдарламаны іске асырып жатыр.

Олардың қатарында «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» және кәсіп ашқысы келетін жастарға грант беру бағдарламалары бар. Сарапшылар бұл бастамалардың белгілі бір нәтиже беріп жатқанын айтады.

29–34 жастағы жастардың жағдайы неге алаңдатады?

Зерттеуде ең көп назар аударылған топтың бірі – 29–34 жас аралығындағы азаматтар.

Бұл жастағы адамдардың көбі мектепті, колледжді немесе университетті әлдеқашан аяқтаған. Кейбірі бұрын жұмыс істегенімен, тұрақты қызметке орналаса алмаған.

2026 жылдың екінші тоқсанында осы жас тобындағы жұмыссыздардың саны 45,5 мың адам болған.

Бұл 16–34 жас аралығындағы барлық жұмыссыз жастың 42,1%-ына тең.

Сарапшылардың пікірінше, ұзақ уақыт жұмыссыз жүру адамның қоғамнан шеттеп қалу қаупін арттырады.

«Әсіресе 29–34 жас аралығындағы NEET жастарының саны алаңдатады. Бұл топта еңбек қызметіне қатысу деңгейі төмен, бейресми табыс табу жиі кездеседі және құқық бұзушылыққа ұрыну қаупі жоғары. Жауапкершілікке тартылғандардың жекелеген жас санаттарында NEET жастарының үлесі 80%-ға дейін жетеді. Бұл әлеуметтік-экономикалық белсенділіктің төмендігі мен қоғамға жат мінез-құлық арасындағы байланысты көрсетеді», – делінген «Жастар-2025» ұлттық баяндамасында.

Дегенмен мұндай статистика NEET санатындағы жастардың барлығы құқық бұзушылыққа бейім дегенді білдірмейді.

Жастар мемлекеттік бағдарламалар туралы білмейді

Сарапшылар жұмыссыздықтың тағы бір себебін анықтаған. Қазақстандағы көптеген жас мемлекет ұсынатын мүмкіндіктерден хабарсыз.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының 2025 жылғы әлеуметтік сауалнамасына сәйкес, респонденттердің 42–63%-ы жастар практикасы, мемлекеттік гранттар, өңірлік жастар кадр резерві және тегін техникалық білім алу мүмкіндіктері туралы мүлде естімеген.

Ал осындай бағдарламаларға қатысқан жастардың үлесі небәрі 4% болған.

Бірақ мемлекеттік қолдау алғандардың басым көпшілігі ұсынылған мүмкіндіктер мен қатысу шарттарына көңілі толатынын айтқан.

Сарапшылардың пікірінше, бұл мемлекеттік бағдарламалар пайдасыз дегенді білдірмейді. Керісінше, жастардың көбі мұндай көмектің бар екенін білмейді немесе оған қол жеткізе алмай жүр.

Сондықтан мемлекеттік қолдау туралы ақпаратты кеңінен тарату және бағдарламаларға қатысуды жеңілдету қажет.

Мәселені қалай шешуге болады?

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстандағы NEET жастарының санын азайту үшін бірнеше ұсыныс жасаған.

Біріншіден, мемлекеттік әлеуметтік қолдауға өтініш беру тәртібін жеңілдету қажет. Жастар қажетті көмекті мобильді қосымшалар немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы оңай рәсімдей алуы тиіс.

Екіншіден, икемді жұмыс түрлерін дамыту маңызды. Бұл әсіресе жас әйелдер мен мүгедектігі бар азаматтарға қатысты.

Үшіншіден, жастардың қайта білім алуына және жаңа мамандық меңгеруіне жағдай жасау керек. Сонымен қатар кәсіп ашқысы келетін азаматтарға стартап-гранттар беру мүмкіндігін кеңейту ұсынылған.

Сарапшылар мұндай қолдау әсіресе тұрақты жұмыс орындары аз, жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі шектеулі және NEET үлесі жоғары өңірлерге қажет екенін жеткізген.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Қазақстанда жұмыс істемейтін әрі оқымайтын жастардың саны азайып келеді. Бірақ олардың еңбек нарығына араласуына кедергі келтіретін мәселелер әлі де бар. Біріне жұмыс тәжірибесі жетіспесе, екіншісі мамандығы бойынша қызмет таба алмай жүр. Ал кейбірі мемлекеттен қандай көмек алуға болатынын да білмейді.

Айта кетейік, бұған дейін жүргізілген зерттеуде ауыл тұрғындарының қала халқына қарағанда өздерін бақыттырақ сезінетіні белгілі болған еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу