Қазақстанда 40 жастан кейін алғаш рет тұрмысқа шығып, ана атанатындар көбейген

16.09.2026 10:10 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстанда 40 жастан кейін алғаш рет тұрмысқа шығып, ана атанатындар көбейген
180
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда 40 жастан асқан әйелдердің алғаш рет тұрмыс құру және балалы болу көрсеткіші өскен, деп хабарлайды Politico.kz Finprom.kz аналитикалық порталына сілтеме жасап.

Портал мәліметінше, 2025 жылы 40 жастан асқан 4,9 мың әйел алғаш рет некеге тұрған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,7% артық. Жалпы алғаш рет тұрмыс құрғандар арасында бұл жастағы қалыңдықтардың үлесі 4%-дан 5,5%-ға өскен.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, олардың 3,6 мыңы 40 пен 49 жас аралығында. Елу жастан кейін 1,1 мың әйел алғаш рет тұрмыс құрған. Жыл сайын 200-300 зейнеткер де алғаш рет отбасын құрады.

Ер адамдар арасында да осындай үрдіс байқалады. Бірінші рет үйленетін 40 жастан асқан еркектердің үлесі 2021 жылғы 5% көрсеткіштен 5,9% деңгейіне өскен. Алайда олардың жалпы саны 7,3% азайып, 5,7 мыңнан 5,3 мыңға түскен.

Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтар отбасын құруға саналы түрде кеш келеді. Алғаш рет некеге тұратын жігіттердің орташа жасы 27,8-28 жасты құрайды. Ал қалыңдықтардың орташа жасы 25,2-25,3 төңірегінде. Сонымен қатар бірінші некені бұзу жасы да жасарған. Бұл көрсеткіш ерлерде 38,8 жастан 36,2 жасқа дейін төмендеді. Әйелдердің ажырасу жасы 37,3 жастан 34 жасқа дейін азайды.

Осыған байланысты 40 жасқа қарай қайта некеге тұруға дайын адамдар қатары артады. Өткен жылы 40 жастан асқан 10,6 мың ер адам қайта үйленген. Оның ішінде 6,6 мыңы 40-49 жас аралығында болса, 2,7 мыңы 50-59 жаста. Зейнет алдындағы және зейнеткерлік жастағы 1 мыңнан астам ер адам қайта шаңырақ көтерген. Ал 40 жастан асқан әйелдердің қайта тұрмысқа шығу көрсеткіші 14,5% өсіп, 6,6 мыңнан 7,5 мың адамға жеткен. Әсіресе 40-49 жас аралығындағы өсім байқалып, көрсеткіш 4,3 мыңнан 5,1 мыңға артқан.

Ана атану жасы да ұлғайып келеді. Өткен жылы босанатын әйелдердің орташа жасы 29,9 жасқа жетті. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 29,4 болған. Қалаларда бұл жас 30-дан асады. Статистика бюросының мәліметінше, былтыр 40 жастан асқан әйелдер 16,3 мың бала дүниеге әкелген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,5% көп. Тағы 148 сәби 50 жастан асқан аналардан туған. Жалпы жаңа туған нәрестелер арасында осы жас санатындағы аналардың үлесі 3,6%-дан 4,9%-ға өскен.

Елімізде жыл сайын 40 жастан асқан әйелдер 1,3-1,5 мың тұңғышын дүниеге әкеледі. Дегенмен бұл жаста әйелдер көбіне үшінші, төртінші және бесінші баласын туады. Өткен жылы мұндай сәбилердің саны 14,4 мың болды. Статистикаға сәйкес, 2021 жылдан бері 40-44 жастағы 1 мың әйелге шаққандағы туу коэффициенті 24,5-тен 22,4-ке азайған. Ал 45-49 жас санатындағы туу көрсеткіші керісінше 1,4-тен 1,9-ға дейін өскен.

Өңірлердегі туу көрсеткіштері түрлі факторларға байланысты ерекшеленеді. Өткен жылы 40-44 жас аралығындағы 1 мың әйелге шаққандағы ең төменгі туу коэффициенті Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді. Ондағы көрсеткіш 10,7 болса, Қостанай облысында 12,2 және Ақмола облысында 16,1 болған. Ал ең жоғары көрсеткіш Қызылорда мен Маңғыстау облыстарына тиесілі. Ондағы коэффициент 32,9 және 31,6 деңгейінде қалыптасқан.

Войдите, чтобы оставить комментарий