Каспийде әскери қызметшілер қаза тапқан жерден бейнежазба жарияланды (ВИДЕО)

24.09.2026 14:37 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Каспийде әскери қызметшілер қаза тапқан жерден бейнежазба жарияланды (ВИДЕО)
459
Фото: Бейнеден кадр

Блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза тапқан оқиға орнынан бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Сәрсенбаевтың жазуынша, командирлер сарбаздарды тереңдігі бір метрдей суға түсіп, жағаға шығуды пысықтауға жіберген. Дауылды күні толық әскери киім-жабдықпен жағаға беттеген сарбаздар тереңдігі шамамен екі метр болатын жерге тап болып, суға батқан. Блогер қаза тапқандардың көбінің әскери қызметін аяқтауына небәрі 8-9 күн қалғанын да жазды. Ол бұл мәліметтердің бейресми екенін атап өтті.

Қорғаныс министрлігінің бүгінгі хабарламасына сәйкес, оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізіне 19 әскери қызметшіні алып кеткен. Қазір 9 адамның қаза тапқаны белгілі. Үшеуі құтқарылып, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандары іздестіріліп жатыр.

Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнында Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінің, сондай-ақ прокуратураның қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Прокуратураның мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі толық анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп, қажетті сот сараптамалары тағайындалған. Тергеу ерекше бақылауға алынған.

Оқиға орнына қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов бастаған комиссия да шұғыл аттанды. Ол болған жағдайдың мән-жайын анықтап, іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіреді.

Войдите, чтобы оставить комментарий